ӘкімдікБасты тақырып
Көркі кірген Көптоғайда Үлгілі істер көп
Өткен аптада аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин мен аудандық мәслихаттың білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сәндібек Нұрбаев бастаған депутаттар Көптоғай ауылдық округінің бүгінгі жай-күйімен танысты.
Алдымен депутаттар көктем және күз мезгілінде жолаушылардың көңілін күпті қылған көтерме жолдың жайына көңіл бөлді. Жаңбыр жауса жолаушыны бұрынғы күніне зар қылатын канадалық тәсілмен жөнделген көтерме жолдың көктемгі су тасқыны кезіндегі жырып кеткен жері жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қалпына келтірілді. Төрт көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселген Көптоғайдың көркі кіріп қалыпты. Жол белгілері мен көше атаулары үлгі тұтуға тұрарлық.
Алдымен депутаттар ауыл ақсақалы Ермек Ниязовқа сәлем беріп, ауыл жастарымен кездесіп, ауылдағы жаңа құрылыстардың барысын бақылады. Ауыл ортасынан заманауи үлгідегі дүкен салып жатқан «Досым» шаруа қожалығының төрағасы Әлібек Өмірғалиев «арық айтып, семіз шығуға» тырысса, хоккей кортын салып жатқан кәсіпкер Асхат Ниязов мойнына алған міндеттемені межелі мерзімінде аяқтауға ұмтылып отыр. Ал, депутаттар барған екі құрылыс нысаны да жаңадан басталып жатыр. Екі жылдық келісім-шарт негізінде ауылдағы дәрігерлік амбулатория құрылысын бастаған «Көп салалы Мұнайқұрылыс құрылыс фирмасы» ЖШС-інің жұмыс қарқыны көңіл қуантады. Мәселен, биылғы жылға тек іргетасын көтеру үшін 13800 мың теңге бөлініп тұрса да, мердігерлер өз қаражаттары есебінен ғимараттың қабырғасын көтеріп тастапты. Сонымен қатар, жалпы сметалық құны 115386,0 мың теңге Көптоғай ауылдық округі әкімдігі ғимаратының құрылысы да басталыпты. Мұнда да жеңімпаз мердігер «Техно-С» ЖШС-і биылғы жылға аудандық бюджеттен бөлінген 10435,0 мың теңгені игеру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Одан соң депутаттар ауылдық округке қарасты елді-мекендердегі әлеуметтік нысандардың тынысымен танысып, Қарасу мен Шұбарши ауылдарына мемлекеттік бағдарламалармен жүргізіліп жатқан ауыз құбырының құрылысын көріп, ауыл тұрғындарымен жүздесті.