ӘлеуметБасты тақырып

Тәуелсіздік күнгі тарту – екі ауылдың аз суы

16 желтоқсан күні Ойыл ауданының Ойыл селолық округіне қарасты екі ауылы орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Екі ауылдың тұрғындарының көптен күткен қуаныштарымен бөліскен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бұл тұрғындар үшін тәуелсіздік мерекесі күнгі үлкен сый болды. Қатар жатқан Ақшатау мен Қаракемердегі өмір бойы құдықтан су тартып ішкен 140-қа тарта шаңырақ таза суға қол жеткізді.
Екі ауылға да ауыз су құбырын тарту жұмысы биылғы көктемде басталды. Қолдануға берілу мерзімі келесі жылы болатын. Алайда, мердігерлер тұрғындардың тілегі мен тапсырыс берушілермен мәмілеге келіп, жұмысты мейлінше шапшаң жүзеге асырып, су құбырын жыл соңына дейін іске қосып отыр. Яғни, екі ауылда да мердігерлер өздеріне жүктелген міндетті абыройлы атқарып, мереке қарсаңында барлық жұмысты толық аяқтады.
Алдымен ақшатаулықтардың қуанышына ортақ болған Нұржауған Серікұлы облыс бойынша Тәуелсіздік мерекесі күні 12 ауылдың тұрғындары осындай қуанышқа кенеліп отырғанын жеткізді. Жалпы биылғы жылы облыс бойынша 20 ауылға орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген. Оның ішінде төртеуі Ойыл ауданының еншісінде. Оның екеуі өткен қазан айында іске қосылды.
Ақшатауда ауыл тұрғындары атынан Мінсізбай Жайлыбаев 72 шаңырақта төрт жүздің үстінде тұрғыны бар шағын ауылды осындай қуанышқа кенелткен облыс әкіміне лебізін білдірсе, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Салтанатты сәттің соңында Ақшатауға ауыз құбырын жүргізіп, халықтың алғысына бөленіп отырған «Ақпан» ЖШС-нің басшылығы ауылдағы тұрмыс төмен және көп балалы екі отбасына су ысыту құрылғысын сыйға тартты. Бір айта кетерлігі, Ақшатауға ауыз су құбыры «Аймақты дамыту» бағдарламасы арқылы 327 млн. теңгеге жүргізілді. Су құбыры ауылдан 14 шақырым жердегі алдын-ала зерттелген жер асты су қорынан тартылып отыр.
Сол күні қаракемерліктер де зор қуанышқа кенелді. Тұрғындардың көктен тілегені жерден табылғандай болды. Биылғы ақпан айында аудан әкімінің есебіне арнайы келген облыс әкімі Оңдасын Оразалинге өзінің тілегін жеткізген Гүлзипа Иманчиева тілегі осылай тез орындалады деп ойламаса керек. Сол күнгі қуаныш үстінде де ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан әкімге алғысын жаудырған ана өзінің ақ тілегін жеткізді. Ауылға суды салтанатты қосқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов көп балалы отбасына облыс басшысының арнаулы сыйлығын табыстады. Мұнда да екі отбасына мердігер «Актам – Инжиниринг» ЖШС-і арнаулы су ысытқыш құрылғыны сыйға тартты. Ал, Қаракемерге 280 млн. теңгенің жұмысын жүргізуге септігі тиген – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы.
Екі ауылда да Нұржауған Серікұлы өркениеттің игілігін көріп отырған көп балалы отбасыларға барып, жақсылықтың жаршысы болды.
Одан соң облыс басшысының бірінші орынбасары Ойыл ауданындағы сапарын «Көкжар» коммунальдық шаруашылық кәсіпорнына авариялық қызметтер көрсететін су жаңа автокөліктің кілтін табыстаумен аяқтады.
Р.S. Сонымен биылғы төрт ауылға ауыз құбырының тартылуы, аудандағы таза су тұтынып отырған тұрғындардың санын тоқсан пайызға жеткізді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар