ӘкімдікБасты тақырып

Жайылымды басқару – жерді қорғаудың амалы

Өткен аптада аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин бастаған депутаттар облыстық және аудандық мәслихаттары шешімдерінінің орындалуын бақылау мақсатында ауылдық округтердегі жұмыс сапары Ойыл ауылдық округінде жалғасты.
Ойылдың іргесіндегі Екпетал елді-мекенінде халық қалаулыларына ауылдың тұрмысы мен тынысын мектеп директоры Гүлнұр Жұмағұлова жеткізді.
Қазіргі күні ауыл тұрғындарын толғандырып отырған негізгі мәселенің бірі – ауылдағы сауын сиырлардың бағылмауы. Қыркүйек айына дейін баққан бақташы әртүрлі сылтауды желеу қылып жұмысын тоқтатыпты. Демек, бұл Ойыл селолық округінде Ақтөбе облыстық мәслихатының 2021 жылғы 24 ақпандағы «Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларының» және аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 27 тамыздағы «Ойыл ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» шешімінің округте орындалмай отырғандығын көрсетеді.
Ауылды күре жолға қосатын екі шақырым көтерме жолға күрделі жөндеудің қажеттігі көпшіліктің көптен көтеріп жүрген мәселесі. Мектеп директоры қыста балалардың қауіпсіздігі үшін Жаңабаз ауылымен арадағы жолға жарықтың керектігін айтады. Ал, ауылға типтік үлгідегі жаңа мектеп салдыру барлық ата-ананың арманы болып отыр.
Одан аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия мүшелері Ақтөбе облыстық мәслихатының 2019 жылғы 20 қыркүйектегі «Ақтөбе облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» және Ақтөбе облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың Қағидаларын, абаттандырудың Қағидаларын бекіту туралы» шешімдерінің орындалуы барысындағы жұмыстармен танысты. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі — Қаңқайдағы қорымды қоршау жұмыстарының қолға алынғанына куә болсақ, дендрологиялық жоспарға сәйкес Ойыл-Ақтөбе тас жолының бойына 40 гектар жерге отырғызылған жасыл екпелердің жай-күйімен танысты.
Одан кейін депутаттар Ойыл селосындағы бірқатар көшелерге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көріп, Көкжар көшесінің бойындағы жас кәсіпкер Мейрамбек Кенжебаевтың қызмет көрсету нысанының жұмысымен танысты.

Басқа жаңалықтар