ӘлеуметБасты тақырып
«Кемер – Донер» мемлекеттік гранттың жемісі
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық Жоба бойынша Ойыл ауданына 85 грант бөлініп тұр. Бір гранттың көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш. Яғни, әр адамға 1225200 теңге беріледі.
Бүгінгі күні Ойыл ауданы бойынша Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасы арқылы «Бастау – Бизнес» курсын оқып, жобаларын қорғап, сертификатын алған 130 бар. Солардың бірі – Кемер селосының тұрғыны Жансая Бөрекешова негізі Қызылорда өңірінің қызы. Алғашқы лекте мемлекеттік грантты алған Жансая осыдан екі жыл бұрын Кемер ауылына келін болып түсті. Әуелден қолының місекері бар елгезек келін ата-ененің зейнетақысы мен азаматының табысына қарап отырмас үшін еңбектің жолын іздейді. Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасының «Бастау – Бизнес» курсы «іздегенге сұраған» болды. Тіпті қайтарымсыз грантта береді екен. «Міне, мүмкіндік!» — деп ұмтылған Жансая ауылға тың кәсіп іздеді. Жұрт құсап, екі-үш сиыр алып, оның төлін ек-үш жыл күтіп отырғысы келмеді. Ешқашан қарап отыра алмайтын ол үшін күнделікті тұрақты кәсіп керек болды. Әрине, тамақ пісіру үйде келіндік міндеті болғанымен, оның сіңімді, дәмді болуы үшін ізденісін тоқтатқан емес. Сондықтан да, аракідік жастардың сүйікті астарына тапсырыстар алып, үйден дайындайтын. Бірақ, үйдегі бір түйір шағын газ плита бір үйдің күнделікті тіршілігінің «шаруасынан» ауыспайды. Жақында қолына қаражаты түскенде алдымен түрлі тағам өнімдерін даярлайтын әмбебап пеш сатып алып, ауылдағы бос тұрған дүкенді жалға алды. Өзінің ойын жүзеге асырған Жансая жақында «Кемер-Донер» деген кәсібін ашып, қуанышын ауылдастарымен бөлісті. Бүгінгі жастардың сұранысы бойынша донер, чики, пицца, бургер дайындап, тіпті сол жерде тамақтану үшін де жағдай жасап қойды.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына!» — демекші, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының Саралжын ауылдық округіндегі көшпелі отырысы кезінде қуаныштың үстіне түскен аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин бастаған депутаттар қадамын жаңа бастаған кәсіпкерге табыс тілеп, ізгі лебіздерін білдірді.