Басты тақырыпРухани жаңғыру
ЖАС АРХЕОЛОГТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы мен Ойыл қазақ орта мектебіне барып қайтты. Музей қызметкерлері алдымен Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында «Жас археолог» үйірмесінің мүшелерімен кездесіп, жұмыстарымен танысты.
Бұл үйірме Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі мен Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес 2016 жылы құрылып, бүгінгі таңда жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. Үйірме ашуға аталған мектеп басшысы Роза Ұлықпанованың бастамасы түрткі болды. Бұл еліміздегі облыстар арасындағы оқушылармен жұмыс жасайтын бірден-бір үйірме екенін ерекше айта кеткен жөн.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұханов үйірме оқушыларына өлкеміздің археология саласының дамуына өз үлесін қосып, жыл сайын музей жанынан ұйымдастырылатын археологиялық қазба жұмыстарында белсенділік танытқандары үшін және білім ұяларының басшыларына екіжақты әріптестік-ынтымақтастық, іскерлік байланыстың одан әрі нығаюына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейдің бөлім меңгерушісі Бекнар Есіркепов пен қор бөлімінің мұрағатшысы Баубек Мелисов «Жас археолог» үйірмесінің оқушылары мен мектеп басшыларына музей директорының Алғыс хаттарын табыстады. Мектеп ұжымдары өздеріне көрсетілген құрметтері үшін алғыстарын айтты.
Сондай-ақ музей қызметкерлері Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінде болып, оның басшысы Балқия Рысбаеваға да Алғыс хат табыстады. Балқия Рысбаева әріптестеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.