ӘлеуметБасты тақырып
Ақкемердегі балалардың ойын алаңы – ағаларының тартуы
Қиылдың бойын қиялай қоныстанған Ақкемер күре жолдан жырақтау жатса да шаруаға қолайлы ауыл. Небір алмағайып кездерде де іргесі сөгілмеген, табаны тұрақты ауыл үшін төрт түлік мал табыс көзі. Жаңа мектебі мен күрделі жөндеуден өткен фельдшерлік пункті, клубы, кітапханасы бар ауыл балалары үшін ойын алаңының қажеттігі соңғы кездері айтылып жүрген-ді.
Орайы келейін десе, оңай екен. Қалаға барып, өркениеттің игілігін көрген ауыл жастары іні-қарындастары үшін ойын алаңын салғысы келетінін айтқанда, ауыл әкімі «көктен тілегені жерден табылғандай» қуанды. 1987 жылдың «төлдері» Нариман Шаханов, Ринат Құлжанов, Амандық Ермашев пен Алпысбай Имановтар ойласа келе, осындай ұйғарымға келіпті. 500 мың теңгеге бауырларына ойын алаңын салып берген азаматтарға ауылдастарының да алғысы ұшан-теңіз!