ӘлеуметБасты тақырыпСұхбат

САЙЛАУ — САЯСИ НАУҚАН

САЙЛАУҒА ҚАТЫСЫП, ӨЗІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ПАЙДАЛАНУ ЕЛІМІЗДІҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ПАРЫЗЫ. СОНДЫҚТАН, ҮЛКЕН САЯСИ НАУҚАН ҚАРСАҢЫНДА АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ БЕРІК БИСЕКЕНОВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.

— Берік Төлеуұлы, 20 қараша күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Оның бұрынғылардан ерекшелігі неде?
— Қазақстан Республикасы Президенті Қ-Ж.К.Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында елімізді алда жаңа саяси реформалар күтіп тұрғанын атап өте келе осы жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл сайлаудың ерекшелігі, мынада енді Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жыл болады және ол бір мерзімнен артық Президент болып сайлана алмайды. Сонымен қатар Президенттің туыстары саяси мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда басқарушылық қызмет атқара алмайды.
— Саяси кезеңге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеп болды. Барлығы 6 кандидат тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Аудандық сайлау комиссиясы кандидаттардың сенімді өкілдерін тіркеді, олар да жұмыстарына кірісіп кетті. Кандидаттарды тіркеуге байланысты заңнамада олардың сайлаушылардан қол жинау еркіндігі айқын көрсетілген. Осыған сәйкес барлық Президенттікке үміткер азаматтар аудан сайлаушыларынан қол жинады. Қол қою парақтары аудандық сайлау комиссиясы мүшелері мен аудандық полиция бөлімі көші-қон бөлімшесі қызметкерлері арқылы тексеріліп, облыстық сайлау комиссиясына тапсырылды.
— Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткенін білеміз. Осы турасында сөз қозғасақ…
— Сайлау комиссияларының үгіт-насихат жұмысына кірісуге құқығы жоқ. Үгіт-насихат жұмыстары кандидаттардың қоғамдық штабтары мен сенімді өкілдері арқылы жүргізіледі.
— Маңызды науқанға Ойыл ауданынан қанша сайлаушы қатысады? Олардың дауыс беруін ұйымдастыру жайы қалай?
— Аудан бойынша 2022 жылдың 1 қазанына 9527 сайлаушы бар. Жергілікті атқарушы органдар қазір сайлаушылар тізімін нақтылауда, сайлаушылар тізімі сайлау учаскелеріне аудан әкімінің қолы қойылып, 30 қазанда тапсырылады. Учаскелік сайлау комиссиялары тізімді алғаннан кейін 5 күн ішінде нақтылап, сайлауға 15 күн қалғанда, яғни 4 қарашадан бастап сайлаушыларға танысу үшін ұсынады. Бір айта кететіні сайлаушылар тізімімен әр сайлаушы өзі ғана таныса алады. Олардың тізіміне республиканың белсенді сайлау құқығы бар азаматтары енгізіледі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тізімдерінің, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердің анықтығы үшін жауапты болады. Әрбір азамат сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Егер азамат сайлауға кемінде отыз күн бұрын тіркеліп, сайлау күні өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмайтыны белгілі болса, ол өзінің сол сәттегі мекен жайы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтініш беруіне болады. Айта кетерлігі, биыл Заңда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау көзделген. Сондықтан алдымен дауыс беруге ғимараттың бірінші қабаты таңдалып, пандустардың, төсеніштердің, тактильді көрсеткіштердің (уақытша рұқсат етіледі) болуын қамтамасыз ету керек. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау учаскесінде бөгде адамның көмегінсіз таңдауын жасырын білдіре алатындай жағдай жасалды. Сондай-ақ сайлау учаскесіне келе алмайтын тұрғынға, оның алдын ала өтініші арқылы, сайлау комиссиясының өкілдері үйден дауыс беруге жағдай жасай алады. Саяси науқан алдында мамандардың біліктілігі басты назарда ұсталады. Осыған орай аудандық, аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің барлығы арнайы оқытылды. Аудан бойынша 24 сайлау учаскесі бар, олардың құрамында 120 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бар. Қазіргі таңда учаскелер сайлауға дайын деп айтуға болады. Сайлау туралы заңдылықтарға сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясымен “Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу” жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Соған сай аудандық «Ойыл» газетінің 2022 жылдың 28 қыркүйегі күнгі №38 санында Ойыл ауданы аумағындағы сайлау учаскелерінің шекаралары мен Ойыл аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы жарияланды. Бүгінгі күнге дейін сайлау учаскелерінде науқан туралы баннер мен билбордтар ілінді. Кеңселік тауарлармен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда сайлау кабиналары жасақталды. Сөз соңында, Қазақстан Республикасының болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты 20 қараша күні өз таңдауын жасауға шақырамын. Саяси науқанда еліміздің әр азаматының дауысы маңызды екенін естеріңізге саламын.
. — Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен С.ҚОЙБАҒАРОВ.

Басқа жаңалықтар