Басты тақырыпМәдениет

Шамшырақ – «Мәдениет саласының үздігі»

ШАМШЫРАҚ ЖОЛАМАНОВА ЕҢБЕКҚОР, БЕЛСЕНДІ, ҰЖЫМДА БЕДЕЛДІ, ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ. ӨЗІНЕ ДЕ, ҚАРАМАҒЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ДЕ ТАЛАП ҚОЙҒЫШ БАСШЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ ҚЫЗМЕТКЕР. ӘРІПТЕСТЕР АРАСЫНДА АДАМГЕРШІЛІКТІК ҚАСИЕТТЕРІ, БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІ, ТӘЖІРИБЕЛІГІ ҮШІН СЫЙ-ҚҰРМЕТКЕ ИЕ. ОТБАСЫЛЫ, БІР ҚЫЗ, БІР ҰЛ ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАН АРДАҚТЫ АНА, 4 ЖИЕННІҢ ӘЖЕСІ. ОНЫ ӨНЕРДІҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛҒАН ОЙЫЛ  ЖҰРТЫНА ТӘТПІШТЕП ТАНЫСТЫРЫП ЖАТУДЫҢ ӨЗІ АРТЫҚ. ӨЙТКЕНІ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗДІ ҰЛЫҚТАП, САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ДӘРІПТЕП МӘДЕНИЕТ  САЛАСЫНЫҢ ШАМ-ШЫРАҒЫНДАЙ БОЛЫП КЕЛЕДІ. ӨНЕРДІҢ КӨШІНДЕ «БОЛАМЫН ДЕГЕН ТАЛАЙЛАРДЫҢ БЕЛІН БУЫП» ӨРГЕ БАСУЫНА ЖОЛ АШЫП БЕРІП ЖҮРГЕНІ ДЕ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕКТІҢ КУӘСІ. МІНЕ, ОСЫЛАЙША ШАМШЫРАҚ СӘДУАҚАСҚЫЗЫ ӨЗГЕЛЕРДІ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕУ АРҚЫЛЫ ӨЗІ ДЕ ЖЕТІСТІКТІҢ ШЫҢЫНА ӨРЛЕДІ. ЖУЫРДА ҒАНА «МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» ТӨСБЕЛГІСІНЕ ИЕ БОЛДЫ.

Шамшырақ Жоламанова 1975 жылы 1 сәуірде  Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін  еңбекке араласып, аудандық мәдениет үйінде қызмет атқара жүріп, 1998 жылы Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі мамандығы, 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, 1995-2007 жылдар аралығында  Шығанақ Берсиев, Жақия Жүсібалиев атындағы орта мектептерінде мұғалімдік, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін  атқарды. 2007 жылдан бастап Ойыл аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне ауысты. 2012 жылдан бастап  Ойыл  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бөлім басшысы қызметіне тағайындалды. 2019 жылдан Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бөлім басшысының орынбасары қызметінде. Оның айтуынша, «Осы салада жемісті еңбек етуім 45 жылдай саналы ғұмырларын аудан мәдениетінің өркендеуіне арнаған ата-анамның берген тәрбиесі, солардың ізін жалғастырушысы болғаным. Екеуі де Ойыл халық театрының актеры мен актрисасы болып, халық театры жабылғанда Қызылорда драма театрында жұмыс жасады. Елге келіп Ойыл халық театрының атағын қорғауға зор үлес қосты. Әкем  халық театрының режиссері, екеуі де мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды. Олар еңбек еткен жылдардағы қызметкерлердің естеліктерінде талапшыл, қамқор, жаңашылдықпен жұмыс жасайтын басшы болғандары туралы әлі күнге айтылып келеді. Шамшырақ осы салаға келу себебін «ата-анасының маңдай тері төгілген, күш-жігері жұмсалған салада қызмет етіп, аудан мәдениетін  көтеруді өзімнің перзенттік парызым», — деп санайды. Сондай-ақ, Абай атамыздың «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдары өмірлік ұстанымым», — дейді.
Шамшырақ Жоламанова мәдениет саласына қызметке келгеннен бері өзін қабілетті, білімді де білікті, тәжірибелі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер ретінде таныта білді. Аудан мәдениетіне тың серпіліс беріп, жаңаша бағытта дамыту мақсатында еңбек етіп келеді. Кеңірек тоқталсақ, 2013-2018  жылдар аралығында басшылығымен Ойыл ауданындағы 6 ауылдық кітапхана жаңа үлгідегі модельді ауылдық кітапханаға айналдырылып, Көптоғай модельді ауылдық кітапханасынан Коворкинг орталығы ашылды. 9 көркемөнерпаздар ұжымы «Халықтық» атағына ие болды. Мәдениет қызметкерлерінің білімін жоғарылату, біліктілігін арттыру, ұйымдастырушылық қабілетін дамыту мақсатында көптеген әдістемелік көмектер ұйымдастырылды. Тың жобалардың жарық көруіне, жобаларды қорғау арқылы мәдениет мекемелері мен қызметкерлерінің «Үздік» атануына ұйытқы болды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында клуб-кітапханалардың материалдық — техникалық базасының  нығаю мақсатында демеушілермен жұмыстар жүргізуді қолға алды, аудан көлеміндегі қайырымдылық шараларына  ат салысып, 2019 жылы  мәдениет үйі жанындағы Халықтық «Ақ әже» ансамблін Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясына «Асар» номинациясы бойынша қатынастырып, Астана қаласында өткен қорытынды шарада алғыс хатқа ие болды.
Шамшырақ Сәдуақасқызының іскерлігі мен талапшылдығымен көптеген ауылдық клубтар ағымдағы, күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне пайдалуға берілді. Мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базалары нығайтылып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен, аудандық мәдениет үйі заманауи  сахналық құрылғылармен толықтырылды. Мәдени шаралардың жоғары деңгейде  өткізілуіне үлкен талап  қойылды. Мәдени шаралар аудандық ғана емес,  облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары республикалық, халықаралық шараларда жеңімпаз атанды. Ауданда  «Ұлы Жібек жолындағы: Жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» фестивалі облыстық,   республикалық деңгейде жоғары дәрежеде өткізілуіне басшылық жасап, Ақтөбе облысы аудандарының күндері аясында өткен «Туған жерім-нұрлы елім» шарасында Ойыл ауданы 2016 жылы- ІІ, 2018 жылы- І орындарды  иеленді. 2008-2018 жылдары Ойыл ауданы мәдениеті  облыстық жыл қорытындысы бойынша жүлделі І орынға ие болып келді. Жас өнерпаздардың республикалық, халықаралық байқауларға қатынасуына қолдау көрсетеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Оның осы күнге дейінгі жетістіктері де жетерлік. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  25 жыл» мерекелік медалі, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хаты, «Ойыл ауданының жыл адамы-2018» атағы, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының алғыс хатына ие болған.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар