Әлеумет

Аудандық мешіт 3 балаға планшет сыйлады

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты білім ошақтары қашықтан оқытуға көшті. Бұл қауіпті індеттің дендеп кетпесі үшін, балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жағдай екені баршаға мәлім. Алайда қашықтан оқу үшін интернет желісімен қатар балаларға компьютер немесе планшет, смартфондар қажет.

Әлбетте балаларының білім алуы үшін мұндай жағдайды жасап беру аз қамтылған, көп балалы отбасыларға ауыр тиетіні шындық. Олар қашанда әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Осы орайда қазіргі жағдайда қашықтан оқытуға байланысты аудандық мешіт атынан үш балаға планшет тарту етілді. Осындай іске ұйытқы болған аудандық мешіт имамы Нұрсұлтан Серікұлы «Қауіп-қатер айтып келмейді. Сондықтан қазіргі жағдайда біз қашанда бірігіп, сақтанып, сабырлы болуымыз керек. Қиналғанға көмектесу мұсылмандық парызымыз. Біз планшетті мешіт жамағаты мен демеушілерден түскен қаржы есебінен тарту еттік. Балаларда біраз қуанып қалды», — дейді. Расында, «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» — деген сөз бар дана халқымызда. «Берсең балаға бер» — деп ел ертеңі баланың бақытты балалық шағына көп көңіл бөлген. Ендеше соңымызға саналы ұрпақ қалдыру үшін балаға қандайда сый тартсақ та артық етпес.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар