ӘкімдікСпорт

Балғын палуандар Ақжарда белдесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады.

Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін, — деген Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтты. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, — деген еді.
Бұл бағытта біздің ауданда да жыл бойы бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі қазақ күресінен өткен аптада Ақжар ауылында өткен аудан біріншілігі. Аудан біріншілігі болғанымен жарысқа тек қана бес команда қатысты. Себебі, Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің секциясы бес ауылда ғана бар. «Балалар жылына» орай қазақ күресінен 2010-2012 және 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында жарысқа сексеннен астам балуандар қатысуы деңгейінің өлшемі болса керек.
Демек, ұлттық спортқа ден қойған жастар көп. Бір күн бойы Ақжардағы бозкілемнің шаңын шығарған балалардың жарысы екі топта он салмақ категориясы бойынша өтті.
Жауырыны жер иіскемеген жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және мақтау қағаздарымен марапаттады. Жарысқа ауыл азаматы Абылайхан Нұрбергенов демеушілік көрсетті.

Басқа жаңалықтар