Басты тақырыпСпорт

Облыстық ашық турнир Абайдың 60 жасына арналды

10-12 наурыз аралығында Ойыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Ойыл ауданы волейбол спортының ардагері, ауыл спортшылары Республикалық, облыстық спартакиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы, жоғары санатты ұстаз Абай Өтебаевтың 60 жас мерейтойына арналған волейболдан 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Ойыл кубогі» облыстық ашық турнирі өтті.

Екі күнге созылған айтулы турнирді тамашалауға келген спорт жанкүйерлерінің қарасы көп болды. Ойылдықтардың «оң жамбасына» келетін волейбол жарысы қай уақытта да жоғары деңгейде өтеді. Турнирге Ақтөбе қаласынан 3 команда, Алға, Ырғыз, Әйтеке би, Байғанин, Хромтау, Темір, Мұғалжар, Ойыл аудандарынан 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс бар жерде, жеңімпаз бар. Дегенмен де ойынға ешбір командалар дайындықсыз келмегендері көрініп тұр. Тартысты ойында өз шеберліктерін көрсеткен Ырғыз ауданы ІІІ орынға тұрақтаса, Ақтөбе облысынан келген команда ІІ орынды еншіледі. 11 команданың ішінен дара шыққан Ойыл ауданы командасы жүлделі І орынды иеленді. Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздармен қатар әдемі ойын өрнегін көрсете білген ойыншылар да марапатқа ие болды. Мұғалжарлық М.Ілиясов «Үздік шабуылшы» танылса, «Үздік қорғаушы» — ырғыздық Сұлтан Жұбанышұлы атанды. «Үздік байланыстырушы» — ойылдық Жансерік Амангелдиев, «Үздік ойыншы» аталымымен ойыл командасынан Әбіш Абдуллин атанды. Сонымен қатар, «Өтебаевтар отбасы» атынан турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, арнаулы сыйлықтарын табыстады.

Р.S Аталған турнирге демеушілік көрсеткен ТОО «Жан-Құрылыс 2022» жетекшісі Ринат Әбішевке «Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-сі директоры атынан алғыс хат пен сыйлық табысталды.

Г.АЛЕКСЕЕВА.

Басқа жаңалықтар