Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ақтөбе облысы аумағындағы араб графикалы тарихи ескерткіштердің (ХІХ ғ. — ХХ ғ. басына жататын құлпытастар) эпиграфикасын зерттеу» тақырыбы бойынша Темір, Ойыл, Ырғыз және Қобда аудандары аумағындағы ескерткіштерге облыстық тарихи-өлкетану музейінен жасақталған ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды.
Аталған жоба мақсаты — мәдени-тарихи ескерткіштерді GPS координаттары көрсетілген картаға түсіру, тарихи жәдігерлердің нақты өлшемдерін белгілеу, қорымдар мен құлпытастардың жоспарлары мен қималарын сызу және фотоларға (дрондау) түсіріп, ғылыми сипаттамаларын жазу. Зерттеудің негізгі бөлігі арап графикасымен жазылған құлпытастардағы эпитафиялық мәліметтерді көшіріп, аудармасын жасау.
Темір ауданы бойынша Шығырлы, Бірлік, Ақсай, Темір, Кеңқияқ, Қопа, Шұбарқұдық, Шитүбек, Қалмаққырған, Қопа, Теректі, Тасқопа, Алтықарасу, Бабатай, Шибұлақ, Қайыңдыжерлеріндеорналасқан қорымдар зерттелді. Ірі қорымдарға: Арызмағамбет, Темір қаласындағы ескі қорым, Досжан ишан, Мәулімберді және Көптам қорымдарын жатқызуға болады. Сонымен қатар басқа да белгісіз бейіттердегі құлпытастар анықталды. Ойыл өзеніне құятын Шағырлы (Шығырлы), Бадамша, Құмды, Жарлы, Ақтас, Шилі, Шілікті, Сүлікті, Келбатыр, Қарабас, Кенжалы, Бабатай, Келтесай Еділсай, Тоғызбайсай, Қызылсай, Қарағандысай секілді өзендер мен өзге де салалары, сол секілді Темір өзенінің оң жағалауында орналасқан ескерткіштер зерттелді. Ащы Ойыл өзені бойы, оған құятын бұлақтардың бойлары мен аңғарлар Бесбұлақ, Көпбұлақ, Шұбаржылан, Қандыағаш, Қуырдақты салаларында орналасқан ескерткіштер, Ойыл ауданы көлемінде Қаңбақтысай (Байгелді ата), Ханкелді, Наурызалы батыр, Нұртәжі және Қаракөл, Қарасу қорымдарындағы құлпытастар зерттелді.
Ырғыз ауданының аумағында Ырғыз өзені бойын жағалай отыра Баймағамбет, Қара, Сарғазы, Бесмола, Дүйсенбай мұнарасы қорымы, «Байыс қорымы» (Қаракесек), Құмтоғай ауылы және өзеннің бергі бетіндегі бейіттері, Ақтоғай, Шеңбертал ауылдары төңірегіндегі, Мәні әулие, Омардың тамы қорымдары зерттелді.
Сонымен қатар Темірастау ауылының төңірегіндегі бейіттер Жаныс би қорымы, Темірастау үстіртіндегі, Ащы бойы, Тікаша мен Дөңгелек, Едіге сайы мен Тікқабақ арасындағы кіші қорымдар зерделенді. Осы бағытта зерттеу жұмыстары ары қарай Байгелді, Аппақ, Маймақ атты қорымдарда және Құрылыс ауылындағы ескі қорымда жалғасын тапты.
Экспедиция жұмысы одан әрі Қара мола, Нұрғали, Шадыған, Байболсын, Тоқсанбай-1, Тоқсанбай-2, Көкжиек, Құлпытас төбе, Айтым, Айман қорымдарында жүргізілді.
Ырғыз жеріндегі ескі қорым, Шахмұрат, Қызылқабақ, Әуезмәмбет бұлағы қасындағы, Бархын мола, Айымқұл бейіті, Мұхаметәлі секілді қорымдарда зерттеу нысанына ілікті. Тек, Ырғыз ауданы көлемінен 63 қорым зерттеліп, зерделенді. Далалық экспедициялық жұмыстың жалғасы қазан айында Қобда ауданының Талдысай ауылынан оңтүстік-батыс бағытындағы 15 шақырым жерде, Қобда өзенінің бойында орналасқан әйгілі Абат-Байтақ қорымында жалғасты.
Қорым үлкен аумақты алып жатыр. Мәдени қабаты ерте кезеңнің қабатынан құралған қорымда, ХІХ ғасырда шарықтап дамыған қазақ тас қашау өнерінің көрнекті туындылары жинақталған. Олар ұлу тас жынысына жасалған, құлпытастарда айқын бейнеленген. Әрине, бұл мәдениетіміздің құнды мұралары. Зерттеу жұмыстары кезінде көптеген құлпытастардың мәтіні аударылып, өлшем сызбалары алынды.
Биылғы жүргізілген далалық-экспедициялық ізденістер нәтижелі аяқталып, өлке тарихына қатысты ескі бейіттер мен қорымдардағы араб графикалық эпитафиялардан мазмұнды мәліметтер жинақталды. Алдағы жылы Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар аудандарының аумағындағы ескерткіштерді зерттеу жоспарланып отыр.
Қонысбай РАХБАЕВ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің аға ғылыми қызметкері.