Басты тақырып

«Ұрпақтар ұмытпайтын — ұлы Жеңіс»

Сұм соғыстың аяқталғанына биыл 77 жыл толса да, әлі күнге дейін іздері сайрап жатыр. Оны ардагер ата-әжелеріміздің көз жанарларынан сөзсіз ұғуға болады. Тарихымыз көптеген сарбаздардың ерлігіне толы. Оған ойылдықтардың да қосқан үлестері аз емес. Әрбір дәнін жауға оқ қып жаудырған Шығанақтың ерлігі, оралмаған, құрбан болған боздақтардың барлығы тарихтың еншісінде.

Ауданымызда Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесіне орай салтанатты шара Ойыл қазақ орта мектебінің жанындағы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының  құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етуден басталды. Аудан басшысы Асқар Қазыбаев бастаған бірнеше мекеме басшылары жеңісті жақындатқан жандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Әрі қарай мәдени шара аудандық мәдениет үйі алдында мерекелік концертпен жалғасты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндермен көркемделген концерттік бағдарламаны жиылған жұртшылыққа ұсынды.

Осындай мерекелік шара «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында тыл ардагерлеріне арнап жайылған дастархан басында жалғасын тапты. Аудан әкімі ардагерлерге ақ тілегін арнап, естелік сыйлықтар табыстады. Азаттықтың ақ таңында бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз осы ардагерлеріміздің арқасында екеніне айрықша тоқталды.  Ал, ардагерлерге арнап, аудан өнерпаздары мерекелік дастархан басын әсем әнмен әрледі. Дастархан басында ардагер ата-әжелеріміз сөз сөйлеп, отты жылдардағы өз естеліктерімен бөлісті.

 

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар