ӘлеуметБасты тақырып
Армысың, 1431 оқырман!
Асан қайғы Сыр бойына келгенде «Әр бұтасының түбі бір асым ет екен», – депті деген аңыз бар. Бір асым ет – қаптаған қоян, қырғауыл болса керек. Тұзақпен алып, қыранмен қағып, тазымен шалып күз, қыс мезгілінде жұрт азық қылса керек...
Әрине, қазір қоянды талғажау ететін уақыт емес. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» — қағида өткен жылға тура келген сияқты. Қашанда бұқара мен биліктің алтын көпірі, көпшіліктің айнымас серігі болған «Ойыл» газеті де ауданның жылнамасын жазуға атсалысып келеді. Әрине, бұл жолда бізге қолдау көрсеткен азаматтарға Алланың нұры жаусын деп, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өткенге өкпе жүрмейді. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» — дейтініміз де сондықтан. Бірақ, шынында да
біздің аудан халқының өткен жылға ешқандай өкпесі жоқ. 29 жылдан кейін кенезесі кеуіп қалған Ойылымыз арнасынан асты. Негізінен мал баққан өңір болғандықтан, табиғаттың ырысына тікелей тәуелді аймақпыз. Жылдың қай мезгілі де жайлы болды. Соның есебінен ырысымызды арттырдық. «Ынтымағы
берік үйге ырыс үйір» деген осы болса керек. Аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігі бір төбе. Бір ғана мысал, алдағы жазда халқының 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған облыстағы алғашқы аудан боламыз. Басқа салада да игілікті істер көп. Биылда алда тұрған межелі міндеттер бар…
…Қаңтарда батпан мұңмен кірген барыс қолданыстағы күнтізбе бойынша шығып кетті. Судай сырғып өте шыққан Барыс жылы еліміз үшін оңай болған жоқ. Өшпенділік өртін тұтатып, біреуді біреуге айдап салу арқылы өз бас пайдасын ғана ойлағандардың арам пиғылынан қаншама боздақ мерт болды. Алла алдарынан жарылқасын. Енді ешқашан да қаңтар қайғысы қайталанбасын. Алай-дүлей боп жатқан
қиқар әлемде ең керегі бейбіт күн мен Көк тудың еркін желбірегені екенін жақсы түсіндік. Әуелі
Құдайдың, сосын өзі қыли болғанымен қоянның көзі қазаққа түзу болсын, әр қазақтың қазаны асқа
толсын, тыныштықтың көкжиегі ашылсын, — деп тілейміз! Жақсы десе жан сүйсінеді! Жақсылық та аспаннан жаумайды! Ол үшін аянбай тер төгіп, адал еңбек ету керек! Бәрі жақсы болуы үшін, берекелі болуы үшін алдымен бейбіт күннің керек екеніне көршілерге қарап көз жеткізіп отырмыз. Дүрбелеңге толы
дүниенің дүрмегіне ілесіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өткеннің ұлағатын ұғынып, алдағы мақсатқа анық қадам басу үшін бізде Қазақстан деген мемлекеттің теңіздей табысына тамшыдай үлес қосуымыз керек! Бұрынғы «мемлекет маған не береді?» — деген пиғылды ұмытып, біз мемлекеттің «кетігіне бір кірпіш» болып қаланатын адал, білімді ұл-қыз беруіміз керек! Ол үшін ата-ананың тынымсыз еңбегі – ұядағы тәрбиенің бір тіні… Еліміз аман, жұртымыз тыныш, шекарамыз берік болсын! «Көжектеріміз» көп болып, көбейе берейік! Қоян жылы берекелі болсын!