Спорт

МЕРЕКЕЛІК ЖАРЫС – АЛАҢДА АРУЛАР!

Жыл сайын аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атаулы күнге орай жыл сайын қыздар арасында волейболдан жарыс өткізеді. Биыл да жалғасын тапқан жарысқа 10 команда қатысты.
Көктем шуағын ала келген арулар мерекесіне орай өткізілген спорттық шараға аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы арнайы қатысып, мейірім мен нәзіктіктің, ізгілік пен тазалықтың бастауы бола білген аруларды мейрамдарымен құттықтады. Өткізіліп отырған жарысқа қатысушы командаларға сәтті ойын өрнегін көрсетуге тілектестігін жеткізді.
Төл мерекелеріне орай әйелдер арасында өткен жарыс — спортшылардың арасында бұқаралық дене тәрбиесі мен спортты, ауыл спортын дамыту, спортқа деген қызығушылығын, достық қарым-қатынастарын нығайту, ойыншылардың шеберлігін арттыру мақсатын көздеді.
Қызу тартыста өткен жарыстың нәтижесінде Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы финалда Ойыл аудандық орталық аурухана және Ойыл қазақ орта мектебінің жастарымен кездесіп, өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Аудандық аурухана ұжымы ІІІ орынды иеленсе, Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылар командасы ІІ орынға тұрақтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен медальдар және сыйлықтар табысталды. Ал, ойылдықтардың оң жамбасына келетін спортты серік еткен арулардың арасынан спорт мектебінің қызметкері Гүлжазира Садақбаева турнирдің «Үздік байланыстырушысы» атанса, аурухана қызметкері Салтанат Молдашева «Үздік қорғаушыға» тиесілі жүлдеге ие болды. Ойыл қазақ орта мектебінің оқушысы Жанель Тайбасова «Үздік шабуылшы» болып танылса, аурухана қызметкері Айым Ідірісова осы турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды. Сондай-ақ, Гүлзада Құлтемірова мен Ләтипа Нұғыманова ардагер споршы ретінде арнаулы сыйлықтарға ие болды.

Басқа жаңалықтар