Басты тақырып

ОЙЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ ДА ОҢ БАҒАСЫН АЛДЫ

«Ауыл аманаты» жобасы көп балалы отбасыларға қолайлы
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен АУДАНЫМЫЗҒА КЕЛІП, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалар мен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Саралжын ауылдық округіндегі «Нұр-Асыл» шаруа қожалығы облыс әкіміне асылтұқымды еділбай қойларын көрсетті. Шаруашылық 20 жылдан астам уақыт бойы асылтұқымды қой шаруашылығымен айналысады. Олардың жайылымдық жерлері, жем-шөп жинайтын орындары бар. Шаруа қожалығында 1200-ге жуық ірі қара мал бар екенін ескере отырып, облыс әкімі етті ғана емес, жүнді қайта өңдеуді жолға қою қажеттігін атап өтті.
Шаруа қожалық директоры Аманғали Өмірғали өңір басшысының ауыл тұрғындарын қолдау туралы үндеуіне алғашқылардың бірі болып үн қосты. Былтырғы жылдан бастап қожалық 3 отбасына тауарлы несие берді.
Бүгін Саралжын ауылының тұрғыны Ізімкерей Тұрмановқа 20 бас өнімділігі жоғары асылтұқымды қой берілді.
25 жастағы ауыл тұрғыны «Ауыл аманаты» оның жас отбасы үшін нағыз қолдау болғанын және қой шаруашылығынан күтер үміті көп екенін айтып өтті.
Кемер ауылының тұрғыны Бақытбек Ертілеуов 2022 жылы «Берік-А» шаруа қожалығында 4 сиырды тауарлы несие беру шарттарымен алып, жобаның қатысушысы атанды. Алтыншы баланың дүниеге келуін күтіп отырған Ертілеуовтер отбасысы көпбалалы санатына жататындықтан, жобаға қатыстыру кезінде басымдық берілді.
«Мен Кемер ауылына Ақтаудан бір жыл бұрын көшіп келдім. Екі сиыр қазірдің өзінде төлдеп үлгерді. Қалған екеуінің төлдегенін күтудеміз. Шаруашылығымызды ұлғайтқымыз келеді, маған тағы 6 сиыр керек. Сонда біз сүтті қайта өңдеуді қолға аламыз, артығын сатамыз, отбасымызды асыраймыз», – деді облыс әкіміне Бақытбек Ертілеуов.
Айта кетейік, бұл көпбалалы отбасы «Ауыл аманаты» жобасынан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Атап айтқанда, Бақытбектің жұбайы Қызғалдақ Сапарова өткен жылы 1,3 млн теңге сомасында өтеусіз грантқа ие болып, тігін жабдықтарын сатып алды. Қазір жеке кәсіпкер болып отырған ол ауылдастарына тігін қызметтерін көрсетеді. Бақытбектің ағасы ірі қара мал бордақылаумен, құс шаруашылығымен айналысады және жоба аясында өз ісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Ауылдарда ауылдастарына қолдау көрсететін және көмектесетін ірі фермерлер бар екені қуантады. Облыс бойынша шаруа қожалықтары «Ауыл аманаты» қатысушыларына 6 000 бас мал береді. Сіздер тағы 6 бас сұрап отырсыз, біз беруге дайынбыз. Шаруа істегіңіз келетінін және қалай жұмыс істеу керектігін білесіздер. Еңбек еткен адамдарға әрдайым қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Көптоғай ауылдық округінде облыс әкімі «Ауыл аманаты» бойынша өңірде алғаш болып жеңілдетілген қарыз алған Болатбек Омаровтың жеке ауласында болды. Көпбалалы отбасының отағасы ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалған, жоба туралы біліп, тауарлы несие алуға шешім қабылдаған. Алдымен 20 қой алды. Кейін құс шаруашылығымен айналысу үшін жеңілдетілген ақшалай қарыз алуға өтініш берді. Арнайы курстан оқып, жүздей тауық сатып алды, енді шаруашылығын 500 қазбен кеңейтуді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар