ӘкімдікБасты тақырып

Мемлекеттік қызмет – білім мен төзімнің белесі

Жастардың болашаққа деген ұмтылысы, қабілеті мен іскерлігі, идеясы, елге адал қызметі мемлекеттің тұрақтылығына, серпінді дамуына бірден-бір жол ашатын сенімі. Көненің көсем сөзімен айтсақ, «ақыл жастан» шығады. Сол себепті ұлт мәртебесімен, ел абыройын асқақтатар жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бүгінгі күннің тұрақты талабы болып отыр.

Өйткені, еліміздің қай түкпіріне барсаң да, кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналғалы біраз болды. Сол халыққа мінсіз қызмет ететін мемлекеттік қызметкерді жергілікті жерлерден дайындау, ауыл жастарын жұмысқа тарту жұмыстары жандана бастады. Болашақ мемлекеттік қызметшіні тәрбиелеп, ел саясатына араластырып, тұрақты көзқарас қалыптастыру арқылы алға қойған міндеттерді орындай аламыз. Осыған байланысты  аудан әкімінен бастап барлық мемлекеттік қызметшілер бір күнін жастарға арнады. «Жастар кәсіби мемлекеттік аппараттың болашағы» деген атпен өткен шараға аудан орталығынан және ауылдық жерлердегі мұғалім жас мамандар, мемлекеттік қызметкерлер шақырылды. Мақсат — белсенді жастарды мемлекеттік қызметке тарту жөніндегі нақты айқын мәлімет беру. Олар алдымен аудан әкімдігінде әр бөлімде болып жұмыстарымен танысты. Аудан басшылары жастарды қабылдап, өздерінің жұмыс барысымен, негізгі міндеттерімен және қағидаларын баяндап, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсіндірді. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы» демалыс және мәдени орталығында жалғасқан шараға Аудан әкімі Дастан Сағыров, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша  департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов, облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі қадр қызметі бөлімінің басшысы Альбина Рысбаева қатысты. Жастармен кездесуде бірінші сөз алған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы бүгінгі жүзесудің мақсатымен таныстырды. «Құрметті жастар! Республикамызда, облысымызда, ауданымызда  мемлекеттік қызметшінің маңызы зор. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын әлеуметтік желілерден немесе теледидарлардан көрген бір бөлек, көзбен көріп, тікелей пайдасы тисін деген оймен бөлімдерді аралаттық.  Жастармен жұмыс,  кадр жетіспеушілігі туралы облыста өңірлік комиссияда талқылау болды. Сонда облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өзекті мәселеге орай тапсырма берген болатын. Ауылдағы жастарды мемлекеттік қызметті өткеруге шақырамын. Елбасы саясатын, облыс әкімінің тапсырмасын орындап, ауданға қызмет етуге мүмкіндіктеріңіз бар» — деді. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша  департаментінің басшысының орынбасары Рафхат Бисенов жастармен ашық, еркін әңгіме құрды. Өзінің ең алғаш еңбек жолын қалай бастағанын, көрген қиындықтары мен қызықтарын, сол жолдағы тәжірибелерін бөлісті.

«Қадірлі аудан жастары! Мемлекеттік қызмет жайында сіздермен кездесу біздің  департаменттің алғашқы бастауы. Мемлекеттік қызмет туралы айтсам, қорқатын, жүрексінетін ештеңе жоқ. Көптің қөзқарасындағы «мемлекеттік қызметке өту үшін ақша, тамыр-таныс немес жоғарыда отырған тумасы болуы керек» — деген ойдан арылу керек. Мен де сіздер сияқты еңбек жолымды қарапайым мұғалімдіктен бастадым. Кейін мемлекеттік қызметке шақырылдым. Содан бері 16 жыл болды, барлық белестерінен өтіп келем. Рас басында еңбекақысы төмендеу болды. Көп жастар осыдан қашады. Мемлекеттік қызметкер болу үшін тамыр-таныс, қомақты қаражат керек емес. Тек өз сенімің мен білімің болса болды. Қазір мүмкіндіктер көптеп қарастырылып жатыр. 2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өседі. Тіпті биыл бірінші шілдеден бастап мемлекеттік қызметші жастарға «Дипломмен — ауылға!» жобасын енгізгелі отырмыз. Бұл дегеніміз — тек мұғалімдер емес басқа саладағы жастарда үйге, көтермеақыға ие болады деген сөз. Сынақ тапсырарда тек дайындығың мен сауатың, оқығаның көмекке келеді. Сол кезде өту үшін біреуге ешқашан ақша ұсынбаңыздар. Олар сізге көмектесе алмайды. Себебі алаяқтарға алданып қаласыздар. Бәрін тексеріп, қадағалап отырамыз. Мен де, сіздердің әкімдеріңіз де, мемлекеттік қызметті қарапайым жолмен бастадық, ешкімге ақша ұсынып немесе жоғарыда көкеміз болған жоқ. Жұмыста өздеріңіздің белсенділіктеріңізді көрсете білсеңіздер биліктің баспалдағына өрлей бересіздер. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар» — деді.

Облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі қадрқызметі бөлімінің басшысы Альбина Рысбаева мемлекеттік қызметке тарту үшін жастарға ерекше назар аударылып отырғанын айтып, «Бұл сіздердің мүмкіндіктеріңіз» -деді.

Аудан жастарымен кездесуге облыстан келген қонақтардың ішінде «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің түлегі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Әбекенов те бар еді. Ол мемлекеттік қызметке кірген уақыт ішінде көрген-білгендерін айтып берді.

«Бұрын мемлекеттік қызмет деген екінің-бірінің қолы жетпес үлкен асу деп білдік. Студенттік өмірдің алғашқы жылдарында мемлекеттік қызмет туралы түсінігіміз тым таяз болды. «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебіні біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, назарымызды бұрды. Сынақ тапсырып, іріктеуден өттік. «Мансаптың» берері көп. Бір ерекшелігі мемлекеттік қызмет жолымен өскен лауазымды тұлғалармен кездесе аламыз. Сұқақтар қойып, әңгімелесуге мүмкіндіктер мол. Мен осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын» — деді.

Жүздесу жиынында жастар аудан әкіміне өткір ұсыныстар айтып, сұрақтар қойды. Барлығы да аудан жастарының ортақ проблемасы. Бүгінгі күні сұранысқа ие демалыс, өнер, тағы басқа орталық керектігін жеткізді. Аудан әкімі барлық сұрақтарға тұщымды жауап беріп, жылы пікірімен жастармен жақын дидарласты. Өмірбаяны қызықтырған бір жасқа өзінің көп балалы қарапайым отбасыдан шыққанын, көппен бірге білім алып, ел қатарлы жұмыс жасағанын, үлкен қызметте танысы да, ақшасы да болмағанын, осындай лауазымды қызметке тек іздену мен талаптың, мемлекеттік қызмет жолындағы тапсырманы тиянақты орындап, ісімен, еңбегімен жеткенін әңгімелеп берді.

Кезесудің соңында түске дейін мемлекеттік жас қызметшілер арасында футбол мен волейболдан өткен жолдастық кездесуде жүлдеге қол жеткізген командалдар мен үздік ойыншылар аудан басшысының қолынан марапаттарын алды. Сондай-ақ, аудан әкімі Дастан Сағыров пен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша  департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтер аудан жастарын мемлекеттік қызметке тарту мақсатында нақты, айқын мәлімет беруді жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар