Басты тақырыпРухани жаңғыру
Қараойдағы «ауыл күні» өнегелі істердің куәсі
Шалғайдағы Қараой ауылында «Ауылым — алтын бесігім!» атты ауыл күні өтті. Дәл осындай шара өткен жылы да болды. Биыл екінші рет сол үрдісті қайталаған ауыл бір жылдың ішінде ажарымен көш бастады. Одан бөлек ауылдағы мәдениет, спорт саласы да айтарлықтай көтеріліп, бұрын арман болған қажетті құралдардың бәрі бар. Сол ауызбіршіліктің арқасында биылғы аудандық спартакиаданың ауыспалы кубогын осы ауылдың жастары жеңіп алды. Туған жердегі мерекеге жан-жақтан келген жерлестер тойдың шашбауын көтеріп, әр жылы туғандар ауызбіршілікпен атсалысты. Спортық ойындар ұйымдастырылды. Мерекенің басы «Аналарға тағзым» атты салтанатты шарамен басталды. «Сыйынар ем, ана деген тәңірге!» деген аналардың құрметіне ескерткіш ашылды. Ауыл күніне аудан әкімі Дастан Сағыров бастаған мекеме басшылары, әр ауылдық округ әкімдері, көрші аудандардан меймандар келіп, саябақта өткен қараойлықтардың дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалды. Ауыл былтырғы тазалығын сақтап тұр. Ауылды жаяу аралаған аудан басшысы әр әлеуметтік нысанға барды. Алақандай ауылдың өзінде 4 жерде воркаут жасалыпты. Баннерлерде көше аттары, сол көшені жағалай туған жерден шыққан еңбек адамдарының суреттері ілінген. Ал селоның қақ ортасында ауылдың сәнін келтіріп тұрған футбол алаңы көптің көзін еріксіз тартады. Ауласы балалардан бір үзілмейді. Оны «Қобыланды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып берген. Ауылда спирттік ішімдік сатылмайды. Елді береке бірлікке, қанағат, имандылыққа шақыратын мешіт салынып жатыр. Негізінен түлектердің қолдауымен жасалынып жатқан жұмыстар бір тиынына дейін ауыл игілігіне арналды. Тіпті жан-жақта тұратын жерлестер туған жерге құр қол келмейді екен. Оны көптің көзі көрді. Тойханадағы мерекелік дастархан үстінде туған жерге тілегін арнап, елдегі жақсы жаңалықтарға, ауқымды істерге қуанышын білдірген Құлсары қаласынан ауыл күніне арнайы келген Жасұлан Біржанов 100 мың теңгесін ауыл игілігіне жаратуға берді. «Теңдік» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Оразғалиев 500 мың теңгеге Жастар саябағын жаңартып берсе, 1973 жылғылар көшелерге фонар орнатты. Жалпы ауылдағы әр жылғы түлектер жасаған істер көп. Әрқайсысының алар орны ерекше. Ауылда 18 жеке кәсіпкер жұмыс жасайды. «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, курысын оқыған 10 адам өз кәсіптерін ашуға ниеттеніп отыр. Олардың арасында қоғамның сұранысына орай дәстүрлі емес бағыттағы шаруашылықты қолға алып отырғандар да бар. Осылардың бәрін көріп, ауыл әкіміне ризашылығын білдірген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы барлық округ әкімдерін осындай жұмыстарды ұйымдастыруға шақырды. Ал ауыл әкімінің айтуынша, жерлестер туған жердің көркеюіне аянып қалмапты. Биылдың өзінде 16 миллион теңгеге жұмыстар жасалды. Қай іс болмасын, шаруа қожалықтар, кәсіпкерлер, әр жылғылар мен жекелеген тұрғындар демеушілік танытқан. Бес адам ауылды абаттандыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Ауыл қамқоршысы» куәлігін алды. Қайрат Оразғалиев «Жомарт жүрек» номинациясымен марапатталды. Одан басқа «Туған өлке», «Үздік үй», «Үздік шаруа қожалығы», «Үздік мекеме» конкурстары бойынша марапаттар болды.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауыл күніне орай қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан тұрғындар ауыл әкімінің алғыс хатына ие болды.
Биыл облысымызда тұңғыш рет «Аналар слеті» өтіп, «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын. Соның ізімен Қараойда «Анаға тағзым» ескерткіші ашылды. Бұл игі істің мақсаты ауыл жұмысына етене араласып, дамуына сүбелі үлес қосқан туған жердегі әйел-аналарға құрмет көрсету. Қыз келіншектерді, жастарды сол аналардай еңбекқор, батыр, өнегелі болуға, олардың өмірінен, жақсы қасиеттерінен үлгі алуға шақыру. Бұл ескерткіш 1974 жылғы жерлестердің демеушілігімен салдынды. Оның ашылу салтанатында сөз алған Айжан Досбаева, Мұхит Кереев ұлы істердің ұйытқысы болған ауыл әкіміне ауылдың атынан алғыс айтты.
Ауыл күнінде спорттық ойындар ұйымдастырылып, футболдан жолдастық кездесулер өтті.
С.НАРЕГЕЕВ,
Ойыл-Қараой-Ойыл.