ӘлеуметБасты тақырыпСпорт

«ОЙЫЛ ЖАСТАРЫ ҚОСТАНАЙМЕН БІРГЕ!»

Өткен сенбіде Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы «Қостанайға көмек» атты шағын футболдан қайырымдылық турнир ұйымдастырды. Турнирді Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет,  тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Мұханбетқалиев және Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ж.Ізғарина жастарға сәттілік тілеп, ашып берді. «Қайырымдылық – ізгі іс. Қайырын өзің көресің» — дегендей, Ойыл жастары да Қостанай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге қолдау көрсетпек. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығы қайырлы іске жастарды жұмылдырды.
Қайырымдылық жасау — қанымызда бар қасиет. Ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа тәрізді. Осы ұғымды ұстанған аудан жастары яғни әр салада аудан бойынша 29 жасқа дейін қызмет ететін жастардан «Аmanаt» Партиясы жанынан құрылған ортақ қорға күні бүгінге дейін 700 мың көлемінде қаражат жиналды. Қысылтаяң кездері аудан жастарының бірлігі мен ынтымағы шыңдала түсіп, оданда кең көлемде қайырымдылық жасау мақсатындағы шағын футболдан қайырымдылық турнирге тек Ойыл жастары ғана емес, Ақтөбе облысынан екі команда, Байғанин және Ырғыз аудандарынан командаларды да шақырған болатын.
Бұл сәтте ешкім бей-жәй қалмау керек деп есептейтін қонақ командалар өте тамаша көңіл күйде, достық қарым-қатынаста тартысты ойын көрсетті. Қиындық бөліскенде ғана азаяды. Осындай ниетіміз бар. Апат айтып келмейді. Мұндай қиын сәтте Қостанаймен біргеміз деп ұрандатқан жастарымыз турнирді өз мәресіне жеткізді. Нәтижесінде Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың Алғыс хатымен белсенді қатысқаны үшін Ырғыз ауданынан келген «Ырғыз жастары», Ақтөбе облысынан келген «Арын», Ойыл ауданынан» Полиция» командалары марапатталса, жүлделі 3 орынды Байғанин ауданынан келген «Тальго» командасы иеленді. Жүлделі 2 орынды Ақтөбе облысынан «ЛФК» командасы алды. Ал жүлделі 1 орын өзіміздің «Ойыл» командасының қанжығасында қалды. Сонымен қатар «Үздік қақпашы»,» Үздік шабуылшы», Үздік қорғаушы» номинацияларын әр командалардан жақсы ойын көрсеткен спортшылар иеленді.

Басқа жаңалықтар