Әлеумет

Інжу той иелерінің үлгісі

«Отан -отбасынан басталады» - дейді. Отбасын шағын мемлекет деп бағаласақ, тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтерген жастар биыл Інжу тойын тойлап жатыр. Биыл егемендігімізге 30 жыл толып, тәуелсіз елімізбен бірге жасасып келе жатқан ауданымыздағы үлгілі отбасылардың бірі - Нұртановтар отбасына отау құрғандарына 30 жыл толып отыр.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе қаласында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында «Алтын шаңырақ» атты отбасылар кездесуі өтті. Шараға 1991 жылы шаңырақ құрған отбасылар қатысты. 30 жылдан бері өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп келе жатқан отбасының пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салса, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы жастарға үлгі боларлықтай.
«Отбасындағы басты құндылық — ең бірінші үлкен сыйластық болу керек, сол адамның пікірін сыйлай білу керексің. Бір-біріне шынайы, адамгершілік қасиетітері жоғары болу керек. Осындай қасиеттерді балаларға тәлім-тәрбие ретінде көрсетесің. Отбасы -мемлекеттің бір іргетасы. Отбасында ұйымшылдықтың болуы, отбасының берік болуы екі адамға байланысты. Ерлі-зайыптылар тату болса, мейірімділік пен сүйіспеншілік қасиеті жоғары болатын болса, сол отбасынан шыққан балалардың да тәрбиесі жақсы,берік болады» -деп санайды Қуандық Нұртанов пен Манат Нұртанова.
Қазіргі таңда Қуандық мырза өрт сөндіру бөлімшесінен зейнеткерлікке шығып, аудандық орталық ауруханасында қауіпсіздік инженері болса, Манат дәрігер-фтизиатр болып жұмыс жасайды. Еңбек еткен өтілі де 30 жыл. Айрандай ұйып отырған отбасы қазіргі таңда бір ұл мен үш қыз тәрбиелеп, төрт жиен сүйіп отыр.
 «Біздің тұңғыш перзентіміз Меруерт 1992 жылы дүниеге келді. Мектепті алтын белгімен бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетіне оқуға түсті. Ойыл өңіріне өзіміз жақсы сыйласатын, танитын отбасының баласына тұрмысқа шығып, қазіргі кезде үш қыз тәрбиелеп отыр.
 Екінші қызымыз Арайлым мектепті үздік аяқтап, Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне тамақ және өнеркәсіп технологиялар мамандығын аяқтады. Шұбарқұдық кентіне тұрмысқа шықты. Қазір бір қыз тәрбиелеп отыр.
  Ұлымыз Ерсұлтан мектеп бітіріп, қазіргі кезде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде стоматология мамандығына түсті. Үйдің кенжесі Сабина Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында  9 сынып оқып жатыр».
«1991 жылы қыркүйек айында отау құрдық. Шаңырақ құрған соң аудандық ауруханаға орналастым. Қуандық Ойыл ауданында бітірген мамандығы бойынша инженер-гидромелиоратор болып жұмыс жасады. Қуандық та, мен де көпбалалы отбасында тәрбиелендік. Өзім Мұғалжар ауданында дүниеге келдім.
 Бізде отбасы тәрбиесі үлкеннен басталады. Енеммен 18 жыл бірге тұрдым. «Қарты бар үй қазына» — дейді. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім.Үйде қарттарымыз болса, тәртіп те болады, үйдің тірліктеріне үйретеді. Қазір осы жасқа келгенде енемнің айтқан өсиеттерін түсініп, тәрбиелік маңызы болған екен деп есіме аламын», — дейді осыдан 30 жыл бұрын Ойылға келін болып келген Манат апамыз.

Гаухар Алексеева,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар