ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениет

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Өткен апта 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шаралар таңертемен басталып кетті. Ересектер арасында шағын-футболдан аудандық турнир өтті. Турнирге кітапхана, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, музыка мектебі, аудан өнерпаздары және ауылдық округ ұйымдастырушылары, мәдениет үйі мен Көкжар қырандары командалары қатысты.
Ойын тартысты өтіп, жарыс қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласынан келген жерлестеріміз «Көкжар қырандары» командасы жеңімпаз атанды.
Түстен кейін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында мәдениет қызметкерлеріне арналған мерекелік шара өтті. Айтулы шараның шымылдығын «Әсем» би ансамблі «Қазақ» биімен ашты. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мәдениет қызметкерлері мен ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ ауданның мәдениет саласына қосқан елеулі еңбегі үшін бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Тарқатып айтсақ, аудандық мәдениет үйінің музыка сүйемелдеушісі Асылхан Өтепов, Ш.Берсиев модельді ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақгүл Әбілова, «Даңқ» саябағының күзетшісі Алтынбек Дошаев, аудандық орталық кітапхананың тазалықшысы Сая Өтепова, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының шаруашылық меңгерушісі Айнаш Байбарақовалар марапатталды. Әуезді әуен мен ақ тілектер төгілген шарада ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат» қызметкерлерінің кәсіптік одағы» АОФ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н.С.Табельдинованың Алғыс хатын аудандық мәдениет саласының ардагері Жаңылдық Бисенғалиеваға табыс етсе, бірқатар қызметкерлер бөлім басшысы мен мәдениет қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды.
Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Сәкен Займолдин, «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев, Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Займолдиндер де уақытпен санаспай, ауданда өткен мәдени шаралардың бел ортасында жүретін қызметкерлерге өз сый-сияпаттарын ұсынды.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар