Басты тақырыпСпорт
Чемпионмен жастардың кездесуі ашық әңгімемен жалғасты
Өткен жұма күні аудан орталығындағы спорт мектебінде әмбебап жекпе-жектен 5 дүркін әлем чемпионы Райса Байлиевамен кездесу өтті. Бұл шараға оның ізбасары әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионатының қола жүлдегері Бектемір Жантасов та келді. Кездесу барысында Ойыл жастары Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған флешмоб челленджді Хромтау ауданынан қабылдап, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының №11 мектебіне жолдады. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында қашықтыққа жүгіруден жарыс ұйымдастырылып, мәре сызығын алғашқыс кесіп өткендерге жүлделері табысталды. Райса Байлиева спорт мектебінің тәрбиленушілерімен кездесіп, оларға қолтаңба беріп, «Чемпион болыңдар!» — деген ізгі тілегін де жаудырды.
Аталған іс-шара аудандық мәдениет үйінде Райса Байлиева мен оның шәкірті Бектемір Жантасовтың жастармен ашық әңгімелесуімен жалғасын тапты. Ашық әңгіме барысында мектеп оқушылар әлем чемпионын сұрақтың астына алды, барша жасөспірімнің ойындағы басты сауал, әйел затының осынша қиын спорт түрін таңдауына не себеп болғандығы болса, кейбірі отбасының неге қарсы болмағандығына, қалай қорықпай нәп-нәзік үрімдей қызын кілем үстіне жекпе-жекке шығарғандығына таңданып жатты. Әрине, қазақ сөзден тосылған ба әлем чемпионының бар сұраққа берер жауабы дайын тұрды. Барша спортшыларға ең бастысы денсаулық керек екенін, ал жеңіс тынымсыз еңбекпен, шелектеп төгілген термен келетінін тілге тиек етті. Қай кезде болмасын қиындық пен қуаныш қатар жүреді. Сол сәттерде өзіне демеу беретін отбасы мен туған-туыстарына алғысы шексіз екендігін жеткізді әлем чемпионы. Отбасында, туған-туыстары арасында өзінен өзге осы спорт түріне қызығушылар болмаған. Бұл қасиет өзіне нағашы атасынан дарыса керек деп топшылады. Жас ата-аналардың «Өз балаңызды осы спорт түріне берер ме едіңіз?» — деген сауалына жауап ретінде, бұл әмбебап жекпе-жексіз де жүзу, жеңіл атлетика арқылы да баланың шымыр әрі дені сау болып өсетіндігін ескертті. Кездесу барысында Райса Байлиева бастысы баланың чемпион болуы емес, дені сау болуы екендігін бірнеше мәрте қайталады.
Салтанат КЕҢЕСАРЫ,
Ойыл селосы.