ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті үшінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне аудан өміріндегі бірқатар өзекті мәселелер ұсынылып, талқыланды, тиісті шешімдер қабылданды.
Алдымен аудандық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі және әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өткізілді. Онда аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаевтың Ақтөбе облыстық мәслихатының 2019 жылғы 20 қыркүйектегі № 458 «Ақтөбе облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» шешімінің ауданда жүзеге асырылуы туралы, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы
Болатбек Әділхановтың «2023-2025 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу және «2022 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы» хабарламалары мен аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменовтің Қазақстан Республикасы «Жайылымдар туралы» Заңының ауданда жүзеге асыру жөніндегі есебі тыңдалды. Одан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлім басшысының міндетін атқарушы Дәурен Өлғасыров «Аудан аумағында су тасқынына қарсы қажетті жұмыстарды жүргізу үшін тартылатын күштер мен құралдардың дайындығы туралы» мен аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржау Тұрғамбеков «Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының орташа жөндеу туралы» баяндады. Сонымен қатар, ауылдық округтердің бюджетінің атқарылуы бойынша округ әкімдерінің есебі тыңдалды.
Сонымен қатар, сессия барысында аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімінің атына өз депутаттық сауалдарын жолдады. Айта кетсек, Д.Аманғосұлы Батпақты өзенінің бөгетін және Ақкемер мен Қоңырат елді мекендерінің жолының жөнделуі бойынша ұсыныс білдірсе, С.Оралов Ақжар ауылының ауылішілік жолдарының мәселесін, Е.Жиеналин Ойыл ауылының ауылішілік жолдарын жөнделу қажеттілігі мен ойын алаңдарын салу бойынша, С.Займолдин Ойыл ауылының жалдамалы — коммуналдық пәтерлерін жаңарту, жөндеу бойынша өз сауалын жеткізді.
Кезекті үшінші сессияда күн тәртібіндегі мәселелер толықтай қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.