ӘлеуметБасты тақырып

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ– ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Уақыт көші алға жылжыған сайын ғылым мен техниканың ғаламат жаңалықтарына куә болып жатырмыз.
Десе де ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі әлемді дүр сілкіндірген ІІ дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аға-апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашан ұмытпақ емес.
Ерлікке тағзым – ұрпаққа міндет. Өткен жексенбі күні Ақкемер ауылында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ» ескерткіш тақтасы ашылды.
Ауыл жастарының бастамасымен аталардың ерлігіне тағзым ретінде тұрғызылған ескерткіш тақтаға Ақкемер ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанған аталардың және еңбек ардагерлерінің есімдері ойылып жазылды. Бас-аяғы бір айдың ішінде қаражатын жинап, жұмысты жұмыла атқарған ауыл жастарының бастамасына алды жетпіске жеткен ақсақалдан бастап соңы жиырма бестегі жігітке дейін үлес қосты. Алдына өрнек тас төселіп, алаңқайы жасақталды. Тағзым тақтаның тағылымы туралы ауыл мұғалімі Нұрым Көпжанов баяндаса, ұйымдастырушылар осы жұмыстың басы-қасында жүріп, бел шешпей еңбек еткен азаматтарға ауылдастарының атынан сый-сияпат ұсынды.
Ескерткіш тақтаны еңбек ардагерлері Сәлмен Қожағалиев пен Ерғали Жұбанов ақсақалдар және аудан әкімі Асқар Қазыбаевтар ашса, жырақта жүрсе де, туған ауылының түтінінің түзу ұшуын тілеп жүретін ағалар осы шараға арнайы келіп, өнегелі іске ұйытқы болған жерлестеріне лебіздерін жолдады.
Салтанатты сәттің соңында жастар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған Ескерткіш тақтаның алдына гүл шоқтарын қойса, мектеп оқушылары ән мен жырдан шашу шашты. Аталар рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Р.S. Осы мақсатқа жиналған қаражаттың қалғанына ауыл көшесіне түгел жарықшамдар орнатылды.
С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар