ӘкімдікБасты тақырып
ҚАРАУСЫЗ МАЛ – «ҚАЛТАҒА ТҮСЕДІ»!
Ойыл селосы ауданның айнасы десек артық айтқандық емес. Жыл сайын ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, ара-тұра жанымыз жабырқау тартатын жайттар да кездесіп қалады. Селолық округ жанындағы жұмысшылардың күшімен аудан орталығына күн сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғындардың кешкі мезгілде серуендеуі, демалуы үшін арнайы ашық алаңдар жасалып, талдар, гүлдер егілді. Енді басты мәселе — оны күтіп-баптау емес, бейсеубет малдан қорып, бағу болып тұр.
Адам жанының тазалығы тәнiнiң тазалығынан бастау алатыны секiлдi көшеміз көрікті болса, көңiлiмiз де көркем болмай ма?
Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, айналаны таза ұстау – ықылым заманнан келе жатқан халықтық үрдiсiмiз. Дегенмен, кейбіреулер әлі де болса ауласының ішкі жинақылығымен шектеліп, төңіректегі тазалыққа да жауапты екенiн сезiне бермейдi.
Тазалық жеке бастан бастау алады. Мәселен, көшенің көркі мен келбетіне аса назар аудару өте маңызды. Жауапкершілік жүгін тиісті мекемелерге артып, тазалық ережелерін сақтамау – жеке адам мәдениетсіздігінің көрінісі. Өз денсаулығымыз туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағы үшін ортақ меншік көшенің келбетіне де немқұрайлы қарамайық!
Жалпы тазалықты әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастағаны дұрыс. Көшеміз жасыл желекке оранып тұрса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң туған жерімізге деген құрметi арта түспей ме? Алайда, қаншама адамның маңдай тері сіңген талдар мен гүлдер бір мезетте бос жүрген малдың аузында кетіп, еңбектің бәрін еш қылып жатыр. Сонда біздің азаматтарымыздың тұрған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы қайда – деп ойлайсың?
Село әкімдігі аудан орталығының жасыл желекке бөленіп, көшелердің мұнтаздай таза болу үшін барынша жұмыс жасап келеді. Және де бұл жыл бойы атқарылады. Алайда, күннен-күнге көлемі үлкейіп, тұрғындар саны артып жатқан Ойылдың тазалығын қамтамасыз ету бір ғана әкімдіктің ат төбеліндей жұмысшыларының қолынан келмейді. Осындайда не істемек керек? Яғни, тәртіпке бағынып, талапты орындамағандарға «түсіндірудің» соңғы жолы айыппұл салу. Осыған дейінгі ескертулерге құлақ аспағандар қалтасына салмақ түскенде «шыр» ете қалды. Өйткені, селолық әкімдіктің жұмысшылары күндіз-түні «қаңғыған» сиырларды қуудан мезі болды. Қазіргі уақытта малдарын қараусыз жіберген мал иелері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408 бабы бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуда. Оған қоса ауылдық округте қараусыз, қадағалаусыз малдар анықталған жағдайда әкімшілік белгіленген мал тұрақтары бар. Иесі анықталғанша сол аулада бағылады. Иесі табылғаннан кейін малдың шөп-жемі, бақташының еңбегі төленіп, мал иесіне айыппұл салынады. Бұл жағдай қайталана берген жағдайда, айыппұл салу тоқтатылмайды. Ал, «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» деген осы Кодекстің 505-ші бабын қолданса, тұрғындардың қалтасына түсетін салмақ тіпті еселеніп кетеді.
Сондықтан, сиырларын кешкісін алдынан күтіп алмайтын, түн ортасы ауғанша іздемейтіндер енді санын соғып отыр. Яғни, көшенің көркіне үлес қосу үшін малды күтуге қосып, күтіп алу мал иесінің міндеті!
Артур АМАНҒОСОВ,
Ойыл селолық округінің әкімі.