ӘкімдікӘлеуметРухани жаңғыру
МОПЕД МІНГЕН БАЛАЛАР!
Бұл қазір жол ережелерін бақылаушылардың басты ауруы болып отыр.
Әрине, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы рейд ұйымдастырып, балаларға да, ата-аналарына да мопед, электровелосипед жүргізушілердің талаптарын түсіндіріп жатыр.
Қаланы қойып, ауылдарда мопед тепкен оқушы балалар қаптап кетті.
Оқушы болғанда да 10-11 сыныптың оқушылары емес, 6-7 оқитын балалар.
Алды құлап, ауруханаға түсіп жатыр. Ата-анасы «Ананың баласында бар, менде неге жоқ деп жылағаннан кейін еріксіз алып береміз», — дейді. Негізі электровелосипедті жүргізуші де тізесі мен шынтағына, басына арнайы қорғаныш киімдерін кию керек. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Бәрі де жалаң аяқ, жалаң бас. Ол аз болса, алды-артына бала мінгізіп алып, енді көшеде келіндер де электровелосипедпен жөнкіп жүр. Көшенің кез-келген жерінен кесіп өтіп, тіпті көлікке жол бермей жарысқандарды да көріп жүрміз. «Мен қауіп еткеннен айтамын!» — деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, бәсекенің соңы – бейнетке душар қылып, өкінішке ұрындырмасын, — деп тілейміз! Бірақ, біздің ең жаман қасиетіміз қашан өзіміздің басымызға тимейінше түсінбейміз!
Көлік жүргізушілері, велосипед мінгендер мен жаяу жүргіншілердің барлығы жол қозғалысының қатысушылары ретінде ережелерді сақтап, бағынулары керек. Көп жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтамайтын шайтан арбаны тізгіндегендер түрлі жол көлік апатын тудыруға себепші болып отырады. Сондықтан, жазғы демалыс басталысымен тәртіп сақшылары ата-аналарды балалар мен жастарды өз бақылауына алуды өтінеді.
С.ХАМЗИН