ӘкімдікБасты тақырыпБілім

96 ТАЛАПКЕР – ГРАНТ ИЕСІ!

Қай уақытта да білім саласы басты назарда. Себебі кез келген мемлекеттің болашағының жарқын болуы – білімді жастардың қолында. Халқымызда «Білімдінің алды жарық» - деген сөз де бар. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат білім алып, өз елінде кез келген салада табысты қызмет ете алады.

Осы ретте, мектеп бітірген әрбір жас түлек мемлекеттік білім грантынан үмітті.
Олар жаз басталысымен, ҰБТ тапсырып, онан соң құжат өткізді.
Одан кейінгісі зор үмітпен нәтижені күту еді…
Өткен аптаның соңында көпті күттірген мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жарияланған-ды. Бірі – қуанып, бөркін аспанға лақтырса, енді бірінің көңілі түсті. Біздің ауданның талапкерлері де мемлекет есебінен ұсынылатын тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Биылғы жылы ҰБТ-ге Ойыл ауданынан 161 түлек қатысса, оның 96-сы грант иегері атанды.
Гранттардың басым бөлігін педагогика саласы мен медицина, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарын таңдаған түлектер иеленген. Мұнан бөлек облыс әкімі мен әр оқу орындарының ректорлары тарапынан бөлінетін гранттар бар. Ол әлі анықталған жоқ.
Ақжолтай хабардың ақпаратын сұрағанымызда, Ойылдағы білім ордасының қара шаңырағы Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Маржан Жонысова,
— Шәкірттеріміздің әрбір жеңісі – біз үшін үлкен бақыт қой. Негізінен мектептегі білім сапасы мен оқу үлгерімінің жоғары болуы қатал тәртіп пен орынды талаптың нәтижесінде келетін үлкен еңбектің нәтижесі. Біздің мектептен ҰБТ-ге қатысқан 22 түлегіміздің 15-і грантқа иеленіп отыр.
Ұжымдағы ауызбіршілік пен білімге деген сүйіспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізденімпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесіп жүрмек, -дейді.
Расымен де, бірлескен еңбек болмаса жетістікке жету қиын. Ата-ана, оқушы, ұстаздың бірігуі арқылы ғана биылғы талапкерлер осындай нәтижені бағындырып отыр.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар