ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» АЛҒАШҚЫ «ҚАРЛЫҒАШТАРЫ» АРНАУЛЫ ЭКСПЕДИЦИЯҒА ӨЗ ӨНІМДЕРІН ҰСЫНДЫ
Өткен аптада «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» ақпараттық-насихат экспедициясы Ойыл ауданына келді. Экспедиция мүшелері тұрғындарға жобаның мақсат-міндетін түсіндіріп, осы бағдарлама аясында кәсіп ашқан азаматтармен кездесті.
Экпедиция мүшелері сапарын ауданның қақпасы іспетті Саралжын ауылдық округінің Бестамақ ауылынан бастады.
Онда «Ауыл аманатының» алғашқы қарлығаштарының бірі – Асылбек Нижановтың отбасылық шаруашылығына бас тіреді. Онда жұбайы Мейрамгүл Бақтыгереева осы жоба арқылы құс шаруашылығымен қатар сүт өнімдерін өндіруді және ұқсатуды қолға алыпты. Тауықтың бірнеше түрін әкелген жас кәсіпкер үйректің балапандарын да өсіріп отыр. Ал, оның негізгі кәсібі – сүт өнімдері сияқты.
Өйткені, сиыр сауатын, сүт тартатын және құрт шығаратын құрылғыларды сатып алған. Жас кәсіпкердің кәсібіне табыс тілеген экспедиция жетекшісі «Ақтөбе – Медиа» ЖШС-нің директоры Раукен Отыншин облыс әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыстады.
Ал, Кемер селосында да құс шаруашылығын қолға алған Әділбек Ертілеуов экспедиция мүшелеріне ойын жүзеге асыруға қолбайлау болып отырған жайттарды да жеткізді.
Қараталдық Әлия Ысымғалиева болса, ауыл іргесіндегі қарасуды нағыз құс базарына айналдырып отыр. Жобамен несие алып, 250 қаздың балапанын алып келген келіншек оның «жемісін» күзде көргелі отыр. Гүлхан Қауметова алған несиесіне жартылай дайын ет өнімдерін даярлауға қажетті жабдықтарын алып, кәсібін бастап кетіпті.
Экспедиция мүшелерін қызықтырған келесі жас кәсіпкер — ойылдық Айшолпан Тапашева. Өзі ветеринар дәрігер мамандығын бітірген Айшолпанға «Ауыл аманаты» жобасы кәсібін кеңейтуге жол ашып отыр. Ветеринарлық дәріхана ашқан ол Ойылдағы бағаны тұрақтандыруға үлес қосып отырғанын білеміз. Дәріханада төрт түліктің ем-домы мен күтіммен қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Тіпті Айшолпан өзі мал дәрігері ретінде дәріні қолдану тәсілдерін түсіндіріп, тұтынушыларымен тұрақты байланысып отырады.
Ал, Көптоғай селосының тұрғыны Болатбек Омаров осы жоба арқылы алдымен тауарлы несиеге 20 бас қой алса, кейін құс шаруашылығына ден қойып отыр.
Көптоғайлық жас кәсіпкер Қарлығаш Зейноллаева сүт өнімдерін ұқсатуды қолға алыпты. Май-қаймағын, құрт-ірімшік пен сүзбені де өздерінің арнайы тауарлық белгісімен ыдысқа салып тұтынушыларына ұсынып отырған келіншек те «Ауыл аманаты» арқылы өз кәсібін тапқан сияқты.
Ал, Ойыл селосындағы «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында өткен кездесу барысында экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасының маңызын түсіндіріп, аталған бағдарламаның жеке кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мол мүмкіндік беретінін жеткізді.
— Осыған дейін біз, экспедиция мүшелері, тоғыз ауданда болып, ауылда сіздер секілді мал бағып, құс өсіріп, бау-бақша егіп, шағын бизнеспен айналысып отырған азаматтармен кездескен болатынбыз.
Бұл экспедицияның мақсаты — тұрғындарға жаңа жобаның мән-маңызы мен оған қатысу талаптарын түсіндіру. Бүгінгі кездесуге осы жобаны жүзеге асыруда жұмыс жасап жүрген жауапты мамандар да келіп отыр.
Осы тұста айта кету керек, біз барлық ауданды аралап шыққан соң, Республика күні қарсаңында осы экспедицияның қорытындысын шығарамыз. Сол шарада әр ауданда осы жоба аясында көзге түскен тұрғындарды марапаттайтын боламыз. Мәселен, бірқатар азаматтарға бағалы сыйлықтар берілсе, бір тобына облыстық басылымдарға тегін жазылуға арналған сертификаттар, шипажайға жолдамалар табысталады. Сондай-ақ облыстық қос басылымның «Жыл адамы» атағы да табыс етіледі, — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р. Отыншин.
Бұдан кейін сөз сөйлеген экспедиция мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Кездесуде белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев қазір өңірімізге азық-түліктің көп бөлігі өзге облыстардан, сондай-ақ шетелдерден әкелінетінін айтып, халықты жергілікті өнімдермен қамту, олардың қорын көбейту мәселесін көтерді.
Жиын барысында «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Мұхтар Әкімов тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, жоба аясында несие рәсімдеудің заңдылықтарын түсіндірді.
Мұхтар Әкімовтің айтуынша, қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жобаға қатысушыларға қолдау көрсетіп, олардың өз өнімдерін сатуына мүмкіндік жасап жатыр. Мәселен, ендігі жерде «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға облыс орталығында орналасқан «Табыс» коммуналдық базарынан орын беріледі.
Р.S. Экпедиция мүшелерін бастап жүрген аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараков атаулы жобаның ауданда жүзеге асу барысын жеткізді. «Ауыл аманаты» жобасына аудан халқы белсенді қатысып жатыр. Бүгінгі күні Ойыл ауданы бойынша 128 жоба мақұлданса, оның ішінде 61 отбасы несиесін алып, кәсіптерін бастап кетті.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.