Әлеумет

КЕЗДЕСУДІҢ АРҚАУЫ – АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУҒА КӨМЕК

Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен «Ақтөбе» ӘКК АҚ-ның басқарма төрағасы Әуез Тайымбетов Ойыл ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Кездесу аясында Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбеков кездесудің мақсат-міндеттерімен таныстырды.Өйткені, кездесуге аудандағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін бастап, игілігін көріп отырғандармен бірге ауылдық округ әкімдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешенінің бөлім басшысы Данабек Ержанов пен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ақмарал Есбатырова мен аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалы директоры Жасұлан Ержановтар қатысты. Аудан әкімдігінде өткен тұрғындармен кездесу барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы несиелеу мәселелері талқыланды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Әуез Тайымбетовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы жұмыссыздықты жоюдың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың материалдық жағдайын түзеудің және отбасылардың табысын көтеретін керемет мүмкіндік. Сондай-ақ, мемлекет қаржысы есебінен өзін ет-сүт өнімдерімен, көкөністермен, құс етімен, жартылай фабрикаттармен, жұмыртқалармен қамтамасыз етіп қана қоймай, адамдарды жұмыспен қамтып, оларға ақша табуға жол ашатын бірегей жоба. Оның үстіне қарыз қаражатын қайтару Қазақстандағы ең тиімді қаржылық жағдайлар бойынша жүріп жатыр. Жоба адамдарды, әсіресе жастарды ауылда тұрақтандыруға арналғаны маңызды. Ойыл ауданының ерекшелігі — оның экономикасы негізінен мал шаруашылығы мен қызмет көрсету саласынан тұрады. Жыл сайын жобаға қатысушылардың саны бірқалыпты артып келеді. Ауыл тұрғындарына жер учаскелерін немесе үйлерді ресімдеуге қатысты мәселелерді шешуде құжаттар жөнінен де көмектеседі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға айырықша көңіл бөлінуде, өйткені олар ауыл проблемаларын шешетін болады. Біз «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдікпен несие алған қарыз алушылармен кездестік. Мәселен, көп балалы ана Әсел Өтениязова туған ауылында кілем тазалау ісін қолға алған. Қазір отбасылық бизнес тұрақты табыс түсіруде.кәсіпкер 4,1 миллион теңгеге кілем бұйымдарын жуу және құрғату үшін жабдықтар сатып алған. Қызмет құны — әр шаршы метр үшін 600 теңге. Оның ауылдасы Айым Бітібаева ойыл селосында әсемдік салонын ашты. Шаштараз өз бизнес-жобасына 6,7 миллион теңге салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындардан жалпы сомасы 962,2 миллион теңгеге барлығы 201 өтініш қабылданған. Оның ішінде 188 адамның жобасы қолдау тауып, 174 жоба бойынша 737,4 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта комиссияның қарауында 123,4 миллион теңгеге 15 жоба бар. «Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға аса назар аударып отырғандығы баршамызға белгілі. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелері шалғай ауылдарда, тіпті ауыл сыртында орналасқан. Осы орайда, олардың кәсіптерін әрі қарай дамытуды қолдау мақсатында біз аудан орталықтарында кездесулер ұйымдастырып, оған барынша ауылдық елді-мекендерді қамтуға тырысып келеміз. Жиынға келіп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алған кәсіпкерлер де бұндай кездесулердің олар үшін аса қажет екендігін және жиірек өткізіліп тұруын ұсынды. Біздің басты мақсатымыз — кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін анықтап, жұмыс жасау», — деді кездесуде «Атамекен» ӨКП директоры Дидар Ержігітұлы. Кездесуде кәсіпкерлер тиісті органдарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірқатар мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын білдірді. Дидар Ержігітұлы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен Екпетал ауылының жас кәсіпкері Ақерке Күзенқұлованың жұмысымен танысты. Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы тарапынаң көрсетілген көмегі үшін Ақерке алғысын білдірді. Өйткені, ол көктемгі су тасқынынан кейін аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалына жүгініп, көмек сұраған еді. Палата директоры Дидар Ержігітұлының қолдауы арқасында демеушілердің көмегімен жас кәсіпкерге шаштараз қызметін көрсету үшін қажетті жабдықтарын алып беруге ұйытқы болған еді. Ақерке қазір өз кәсібін Ойыл селосында жалғастырып отыр. Сапар аясында палата директоры Дидар Боранқұлов Ойыл ауданы кәсіпкерлер кеңесі мүшелерімен кездесіп, кезекті кеңес отырысын өткізді. Кездесу барысында директор кеңес мүшелерімен алға қойылған жоспарларымен танысып, бірқатар ұсыныстарын айты. Мұндай кездесулер бизнес өкілдерінде туындайтын мәселелерді саралап, кәсіпкерлерлікті дамыту жолында кездесетін проблемаларды шешуге мол мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар