Әлеумет
СПАРТАК — ӨЗІНІҢ «БРЕНДІ» БАР БАҒБАН
Ауылдық жерде көпшілік шаруа қожалықтары малмен байланысты құрылатыны белгілі. Ал Ойыл ауданының Саралжын ауылында 2012 жылы құрылған Спартак Төремұратовтың «Спарта» шаруа қожалығының негізігі бағыты — бау-бақша.
Спартак өзі мамандығы мал маманы болғанымен, ол бау-бақша өсірудің қыр-сырын да жақсы меңгерді. Қайын жұрты Қызылорда облысының Шиелі ауданынан-ды. Қауын-қарбыз өсірудің отаны десе артық болмайтын бұл өңірден Спартак көп нәрсе үйренді. Тіпті өз ауылынан жұмыс таппаған кешегі бір қиын кездерде, сол өңірде жаз бойы жұмыс істеп, азды-көпті қаржы тауып келгені де бар. Сөйтіп жүріп қайын атасынан бау-бақша егудің әдіс-тәсілін бойына мол сіңірді.
Енді сол атасынан алған тәжірибесін өзінің туған жерінде жүзеге асыруға болатынын түйсінді. Қарбыз-қауын өсіруге Ойыл жерінің Шиелі өңірінен еш кем түспесін білді. Ауыл іргесіндегі Ойыл-Қиыл өзендерінің тоғысқан жердің топырағы да құнарсыз емес. Ең бастысы, экологиялық жағынан таза.
Содан жалға жер алып, іске кірісті. Алғашқы жылдары атасы көмекке келіп, ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетті. Көп кешікпей өзі де бұл кәсіпке жақсы төселді. Қарбыз-қауынның бұл жаққа тән емес, жаңа дәмді тұқымдарын егіп, шығарды. Бастапқы кезден-ақ өнімдері сапалы болып, өз ауылынан асып, аудан орталығының, Ақтөбенің «Алтай» базарынан Спартактың қарбыз-қауынын күтетіндер көбейді. Ойылмен іргелес жатқан Атыраудың Қызылқоға, Батыс Қазақстанның Қаратөбе аудандарының тұрғындарын қызықтырды. Соның арқасында бірер жылда жақсы қаржы тапты. Ол шаруа қожалығын аяғынан тұрғызып, нығайтуға жағдай жасады. Кәсібін кеңейте түсті. Бау-бақшамен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады. Ірі қара өсіреді.
Әрине, қожалықтың негізгі бағыты — егіншілік. Биылғы жылы бау-бақша алқабын 20 гектарға жеткізді. Оның басым бөлігі — қарбыз.
Қарбыз демекші, өзінің «брендін» қалыптастырған Спартактың атын шығарған да осы — қарбыз. Біздің өңірімізге қарағанда бұл жеңсік жеміс оңтүстік жақта ерте пісетінін білеміз. Саралжындық бағбан өзінің ізденісінің арқасында осы мерзімді едәуір қысқартты. Бұл үшін ол қарбыз бен қауын тұқымын ерте көктемде егіп, пленка астында өсіру әдісін қолданады.
Ерте өнім алудың осы әдісін меңгерген Спартак өткен жылдары өңірде қарбыз-қауын өнімін базарларға алғашқылардың қатарында шығарып жүрді.
Бірақ биылғы бау-бақша өсірушілер үшін қолайсыз болған жылдың өзінде көп кешіккен жоқ. Тамыз айының ортасында-ақ өз ауылы мен ауданының, көрші өңірлердің базарларын айтпағанда, Ақтөбенің сауда орындарына да жетіп үлгерді.
— Биылғы көктем, одан кейінгі күндер бақша өсіруге аса қолайсыз болды. Соның салдарынан өнім кешікті. Алғашқы егілген алқаптың өнімін жинап жатырмыз. Базарларға өнімдеріміз жетті. Алайда менің атымды шығаратын қарбыз бұл емес. Аса ірі әрі дәмді, ұзақ сақталатын жылда өзім өсіріп жүрген қарбыздың тұқымы бар. Ол сәл кештеу піседі, — деп мәлімдеді шаруашылықтың жұмысымен танысқанымызда Спартак Төремұратов.
Бұл жерде шыққан өнімнен ештеңе қалмау керек. Ұсағын да малға беру үшін жинап аламыз. Менің мамандығым — зоотехник, сол себептен жақсы білемін. Малды семірту үшін оның рационына қарбыздың қалдығын, асқабақ, қызылша өнімдерін беруге болады. Тіпті болады емес, керек. Бірақ мұны біздің мал өсіретін ағайындар біле бермейді. Күзде қарбыздың қалдығын арзанға берсем де, жинап алмайды. Сондықтан өзім жинап, малыма беремін. Соның арқасында малым тұлып болып семіреді.
Спартак шаруаны да, шаруаны тиімді жүргізудің жолын да білетін азамат. Осынша жерге бау-бақша өсіру — көп еңбек. Маусымдық жұмыстарда 20 адамға, еңбек лагерінде 16 оқушы жұмыс жасайды екен. Оларды ынталандырудың шаруа қожалығының басшысы жолын тауып алған. Еңбегіне қарай қолма-қол ақша төлейді. Өсімдікті күтіп-баптау, арамшөбін отау, өнімді жинау, басқа да жұмыстары қол күшімен атқарылады. Жаз бойы еткен еңбегіне төленген еңбекақыларынан тыс соңғы он жылдан бері дәстүрге айналған өзі қаражатымен күзгі каникул кезінде Астана, Алматы қалаларына саяхат ұйымдастыруы балаларды еңбекке баулудың ынталандырудың жаңа жол десе де болады.
Спартактың бау-бақша өнімдерін көріп, алқаптың басында әңгімелесе келе, біз осы бір құлшынып тұрған азаматтың қолынан біраз нәрселер келетініне сендік. Қарбыздың өзіндік жаңа сортын шығарған жігіт тек бағбандықпен шектелмей, ауыл орталығынан сауда орталығын ашып, жастардың бастамаларын дамытуға арналған орталықтың құрылысын бастап кетті.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.