Денсаулық
Анестезиолог Амантай
Әдетте адамның денсаулығы сыр беріп, ота жасағанда ең бірінші хирург пен гинекологқа жүгінеміз. Басқасына мән бермей тек соларды ауызға аламыз. Өйткені науқастың амандығын сақтау үшін екеуі де тәуекелге барады. Мүлт кетуге болмайды. Осы екі мамандық ауданымызда қат болса, жауапкершілігі, қадірі де өте жоғары. Бірақ адам өмірі сынға түсетін уақытта біз басқа да бір маманның бар екенін, онсыз ота жасалмайтынын біле бермейміз. Операциядан бұрын да, кезінде де, одан кейін де науқас жанмен жұмыс жасайтын анестезиолог Амантай Идеятов қазір осы міндетті абыроймен арқалап жүр.
2004-ші жылы Құрман орта мектебін бітірген ол Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медициналық университетінің түлегі. Мамандығы жалпы тәжірибелі дәрігер, онколог-анестезиолог.
Гиппократқа ант берген жас маман бірден туған жеріне тартты. Оның облыс орталығында немесе басқа да денсаулық сақтау бөлімдеріне қалуға мүмкіндігі бар болатын. Шүкір, қаражаттан, пәтерден басқа да қажеттіліктерден мұқтаждық көрмесе де, оның бәрін өзінің сабырлы, қарапайымдылығына жеңдірді. Жоғары білімді мамандарға зәру аудандық орталық аурухана басшыларының ұсынысын қабыл алып, бірден келісті. Біреудің үкілеген жалғыз баласымын деп туламады, артық талап та қоймады. Басты мақсаты ата-ананың сеніміне дақ түсірмеу, мамандығы бойынша қайда болса да, ауруларға адал қызмет ету.
Сөйтіп Амантай көппен бірге алғашқы еңбек жолын өзіміздің ауруханадан бастап, ұжымға тез сіңісіп кетті. Артық сөзі жоқ, біртоға, өз ісіне мұқият маман емделушілердің де, әріптестерінің де көңілін қалдырған жері жоқ. Сондықтан жас болса да оны бәрі сыйлайды.
Науқасқа ота (операция) жасалатын болса, Амантай бірінші бастайды.
Ауру тарихын, науқастан алынған анализдерімен танысады. Жеке сөйлесіп, оған операцияның маңыздылығы мен қиындығы жайында кеңес береді. Егер кішкентай бала болса, бұл жағдайда оның ата-анасымен жұмыс жасайды. Бұған қоса, анестезиолог науқастың медициналық препараттарға аллергиясы бар-жоқтығын, оның психологиялық хал-жағдайын тексереді. Анестезиолог науқасқа қажетті көлемде наркоз салып, ауруды жасанды демалу аппаратына қоспайынша операция басталмайды. Операция толық жасалып біткенше анестезиолог науқастың қасында болып, оның артериальды қан қысымын, дем алуын, тамыр соғуы мен дене қызуын және басқа да адам өмірі үшін маңызды процестерді қадағалап отырады.
Операция жоспардан тыс болғанда және шұғыл операциялық араласу қажет етілген жағдайда, өте ұқыпты болып және дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Сондай-ақ, анестезиолог дәрігер операциядан кейінгі кезеңде науқастың жағдайын тексеріп, реаниматолог дәрігердің де қызметін атқара береді.
Бұл маман түрлі ауырсынуды басатын препараттарды, оны пайдалана білу тәсілін және адам организміне ететін әсерін түгел білуге тиіс. Анестезиолог дәрігер мамандығы аса жауапкершілікті талап етеді. Ол жіберген қателіктің ақыры орны толмас қасіретке алып келуі мүмкін. Эмоциональды қалыптылық пен жинақылық бұл маманға басты қажет қасиет. Операция үстінде емделушінің жағдайын қадағалау барысында анестезиолог зерек және байқампаз болуы керек.
Міне, Амантайдың жұмысы осындай күрделі. Бірақ өз білімі мен тәжірибесіне сенген жігіт қателікке жол берген жоқ. «Бізде жұмыс кестесі деген болмайды.Кейде күн-түн демей науқастың қасынан табыламыз.Неше түрлі жағдайларға болады. Ұзаққа созылған операцияларда шыдамдылық керек» — дейді өзі. Амантайдың жұртқа жағымды қасиеттерінің бірі — қарапайымдылығы. Басшы болсын, мейлі кіші қызметкер болсын, қандай адам болса да алалап сөйлеспейді. Өзіне біткен жұмсақ мінезінен айнымайды.
Аудандық орталық аурухананың басшысы Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша анестезиолог облыс бойынша үлкен сұранысқа ие, «дефицит» мамандықтардың бірі.
«Амантай оқуын бітірісімен бірден бізге келді. Мамандығы жалпы тәжірибелі дәрігер. Одан кейін анестезиолог, реанамотолог, анколог мамандығы бойынша арнайы курстарын оқып келді. Жұмысына өте жақсы деген баға беремін. Жауапкершілігі де үлкен. Бірақ көп елене бермейтіні шындық. Үнемі хирург, гинекологтардың көлеңкесінде қалып жатады. Адамды жансыздандырып, қайта тірілту оңай шаруа емес қой. Дозаларды сәл артық кем беруге де болмайды. Ал, Амантай ондайға ұқыпты. Анестезиолог болмаса біз ештеңе де жасай алмаймыз. Операция жасағанда соған сенеміз. Операциядан кейінде науқас қалыпқа келгенше жұмысы аяқталмайды» дейді ауданның бас хирургі.
Амантай отбасында 4 қыздың ортасындағы жалғыз ұл. Апасы дәрігер. Екі қарындасы мұғалім болса, кенже қарындасы оқушы. 2 баланың әкесі. Жолдасы Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім. Жас мамандарға 2012 жылы жергілікті әкімдік үй берді.
Жұмысы мазасыздау болса да, соның бәрін мүлтіксіз атқарып жүрген Амантай басшылықтың назарынан тыс қалмай, әркез марапатталып отырады. Аудан әкімінің де алғыс хатын алды. Өткен жылы «Пирогов» төс белгісіне ие болды. Ең бастысы Амантай бақ пен бақыттың қадірін түсініп, көтере білетін жан. Тек өз қабілеті мен өз еңбегіне сенген оның ұстанымы туралы оның айналасында жүргендер жақсы пікірлерін айтады. «Жұмыс жасағалы неше рет операцияға қатысқаның есіңде ме? Дегенде, «Құдай білсін, жылына кем дегенде жүз рет шығар» — деді. Осыдан-ақ оның жұмысының маңыздылығы туралы айта беру артық болар.
Атақ пен байлыққа мастанбай, жұртқа жақсы жағымен танылып келе жатқан Амантайға сәттілік тілеп, медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, отбасына береке тілейміз!
Самат НАРЕГЕЕВ.