Басты тақырыпДенсаулық
Қауіптен қорғану – екпе алу!
Кеше аудандық аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев, Ойыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғарифолла Құбаев Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің ұжымымен кездесті. Кездесуде әлем елдерін әбігерге салып, төрткүл дүниені теңселткен қауіпті індеттің әлі де болса қаупі сейілмегенін еске салып, оның алдын-алу бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.
Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары, қауіпті індет кезінде ауырған халықпен бірге қалт етпей қызмет қылған Нұрбану Бектұрғанова санитарлық талаптарды бұзбай қаншалықты қорғансақ та, коронавирусты жұқтырмаудың маңызды жолы екпе алу екенін айтты. Екпе тегін болады. Сондай-ақ ерікті түрде жүргізіледі. Оның адам өміріне ешқандай қаупі жоқтығын медицина тілімен ашық жеткізіп, оны алуға асығу керектігін түсіндірді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, екпеден қашып, кері түсінік қалыптастыру пандемия күшейген кезде басымызға таяқ болып тиюі мүмкіндігін айтты. Себебі, біз тосыннан келген індеттен әбден сабақ алғанымыз рас. Сондықтан, коронавирустың алдын-алуға арналған екпенің тектен-текке шықпағанын мәлімдеді. Өйткені арнайы мамандардың айтуынша, екпені қабылдаған адамның иммунитеті жоғары болады. Вирус та жұқпайды.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы халқымыздың қауіпсіздігі үшін бірауыздан екпе алуға шақырса, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Мұхамбетжанұлы екпенің еліміз үшін маңыздылығын айта келе, қазіргі қауіпті індеттің желі есе қалған жағдайда індетпен күресіп, науқастарды емдеуге толықтай дайын екенін жеткізді. Ойыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғарифолла Антонұлы екпенің сақталуы мен ауданымызға жеткізілу қауіпсіздігіне тоқталып, екпені егу жұмыстары біздің ауданда наурыз айында басталатындығын айтып өтті. Кездесу соңында аурухана мамандары екпеге қатысты үнпарақтар таратты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.