Әлеумет
«Бастау Бизнес» жобасы – нәтижелі бастама
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асуда, ол ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қағидаларына, сондай - ақ олардың бизнес- жобаларын қолдауға бағытталған. Кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен өткен жылы басталған еді. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді.
Мемлекет басшысы жариялаған 5 әлеуметтік бастама әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын, әлеуметтік көңіл-күйді жақсартуды қамтамасыз ететін, жаңғыру жолындағы жаңа елеулі қадам. Аталған бастама өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті оқыту мақсатында шағын несие беруді көбейтуге бағытталған.
Осы орайда «Бастау» жобасы Ойыл ауданы халқының дамып, өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтпасқа болмас. 2017 жылы ауданымызда бастау алған бұл жоба қазіргі таңға дейін жалғасып келеді. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бекітілген жылдық жоспарына сәйкес былтырғы жылы 104 азамат оқумен қамтылып, жалпы құны 1 742 936 теңгені құрайтын стипендияға ілікті. Кәсіпкерлік мектебінен білім алған азаматтардың 20 % яғни 104 қатысушының 21-і шағын несиемен қамтылу керек болса, біздің аудан жоспарды 30 % — бен яғни 31 адам 88 750 000 теңгемен орындады. Бұл дегеніміз жақсы көрсеткіш!
Өткен жылғы жұмыстарды қорытындылау мақсатында «Атамекен» ҰКП-ның жыл сайынғы ұйымдастырылатын съезі аясында Астана қаласында 2018 жылы 18-19 маусым аралығында «Бастау» жобасының түлектері мен қатысушылары ФОРУМЫ болып өтті. Ауқымды шараға Ойыл ауданынан «Бастау» жобасы бойынша 2017 жылы білім алып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалы мамандарының қолдауымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Ауыл Микро Кредит» ұйымдарынан қаржыланып, қазіргі таңда өз кәсіптерін жүзеге асырып отырған және же қосымша жұмыс орындарын ашып, еліне елеулі үлес қосып жатқан Қайынды ауылдық округі Көсембей елді- мекенінің тұрғыны Бисенова Алия Мендіғалиқызы, Ойыл ауылдық округінің тұрғыны Ғазизова Ақнұр Серіккызы қатынасты. Аталмыш шарада Ақнұр Серікқызының жобасы Қазақстан Республикасының 30 үздік жобаларының қатарынан табылып, «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың АЛҒЫС ХАТЫМЕН және БАСТАУ статуеткасымен марапатталды. Алия Бисенова да «Бастау» жобасының дамуына қосқан үлесі үшін Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың АЛҒЫС ХАТЫМЕН марапатталды.
P.S Ақнұр Ғазизова «Ауыл Микро Кредит» ұйымынан 18 млн теңгеге қаржыланып, ауданда әлеуметтік маңызы рөлі жоғары 50 орындық «Нұр» жекеменшік бала-бақшасының бой көтеруіне жұмыс істеуде.
Алия Бисенова «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымынан 1,3 млн теңгеге қаржыланып, қазіргі таңда Көсембай елді- мекенінде тігін цехын ашып, 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қыз жасауына байланысты көрші ауылдар, аудан орталығы және Ақтөбе қаласынан тапсырыстар алып, заманға сай көрпе- көпшіктерін халыққа ұсынуда.
А.Табынбаева,
«Бастау» жобасының координаторы.