ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

САЙЛАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТІҢ САЛМАҒЫ

Көктемде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтетінін айтқан еді. Президент алдағы уақытта еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланатынын, сөйтіп биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайтынын да айтты. 45 ауданның бірі болып Ойыл ауданына таңдау түсіп, халықтың аудан басшысын тікелей сайлауына мүмкіндік туған еді. Өткен жексенбі күні аудан әкімінің сайлауы өтіп, жергілікті тұрғындар өз таңдауын жасады.
Ойыл ауданының тұрғындарының басым бөлігі додаға түскен кандидаттардың ішінен Асқар Қазыбаевты қолдады. Кеше ауданға арнайы келген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметіне кіріскен Асқар Қайырғалиұлын ауданның азаматтарына ресми түрде таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Әрине, бұған дейін аудандағы төрт округтің әкімі тікелей халықтың сайлауымен еңбек етіп жатыр. Ал, шағын аудан болғанымен тоғыз мың жарым электорат болғандықтан, аудан әкім сайлауының  тартысты өтетіні де түсінікті еді. Облыс басшысының қатысуымен өткен жиынды ашқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекенов сайлау нәтижесі туралы хабарлама жасап, сайланған Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевқа қызметтік куәлігін табыстады.
— Әкімді жергілікті халықтың өзі сайлап, сенім білдіргендіктен алдағы уақытта тұрғындармен бірлесе жұмыс атқарады деген сенімдемін. Тұрғындардың сенім үдесінен шығып, ауданның көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына үлес қосу да жаңа сайланған әкімнің ең негізгі міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығын бірлесе атқаратын боламыз. «Біз азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз» деп айтқан Президенттің сөзі де осы ойды меңзейді. Ойыл ауданы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өлке. Аудан басшылығы биылғы жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын және өсуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы қажет», – деп атап өтті Асхат Шахаров. 

Облыс әкімі сонымен қатар, Асқар Қайырғалиұлының сайлауалды міндеттемелері мен ауданда жедел шешуді талап ететін бірқатар мәселелерге назар аударды.

Мердігерлердің кінәсінен созылып кеткен жол жөндеу жұмыстары мен тозығы жеткен көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар – медицина саласының нысандары, құрылысы тоқтап қалған көппәтерлі тұрғын үй, елді мекендерді газдандыру және аудандағы үш саман тастан салынған мектептің мәселесін шешу міндетін жүктеді. Аудан әкіміне осы мәселелерді жан-жақты зерделеп, тиісті салалық басқармалармен жұмыс жасап, жаңа нысандар салу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Р. S. Кездесу соңында сөз алған еңбек ардагерлері халықтың тікелей сайлауымен қызметіне кіріскен Асқар Қазыбаевқа сәттілік тіледі.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар