ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпЭкономика
ОЙЫЛДЫҢ БҮГІНГІ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
ӨТКЕН АПТАДА АУДАНҒА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚАЗЫБЕК ӘЛІШЕВ, ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ЖӘНЕ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫ ЕРБОЛ ДАНАҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ ГҮЛҚАСИМА СҮЙІНТАЕВА, ФРАКЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ КҮЛПАРШЫН АЙДАРХАНОВА КЕЛДІ. ОЙЫЛ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛГЕН МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ САЛЫНЫП ЖАТҚАН БАСПАНАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ЗЕР САЛЫП, ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАН МЕРДІГЕР ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ.
Алдымен су тасқынынан зардап шеккен Шығанақ Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылына ат басын тіреді.
Бүгінде Қаратал ауылында 131 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылысқа 11 мердігер компания жұмылдырылған.
Мәжіліс депутаттарына өздерінің сауалдарын да қойған тұрғындар бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі мазалайтынын айтты.
Депутаттар аудан әкімі мен тиісті бөлім басшыларына құрылыс барысын күнделікті қадағалап отыруды тапсырды.
«Көктемде суға кеткенде біз бірінші күннен бастап Ақтөбеде болдық. Құмсайға бардық. Тұрғындар малын тастап кете алмайтынын айтты. Уақытша вагон сұрады, екі аптаның ішінде қойдырып бердік. Сіздер киіз үй, ағаш үй керек дедіңіздер. Біз сөзімізде тұрдық.
Мен түсініп отырмын, мына ыстықта киіз үйде тұру оңай емес. Ендігі мәселе баспаналарды тезірек, уақытында аяқтау. Соны қадағалау үшін келіп отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғынның назардан тыс қалмауын тапсырды», — деп бұл жағдай тікелей Мемлекет басшысының қадағалауында екендігін айтты.
Халық қалаулылары Қаратал ауылындағы үйлердің құрылысының қарқынына көңілі толмайтындығын жасырған жоқ. Қазіргі таңда 89 үйдің жары көтеріліп, 30 үйдің іргетасы қаланған.
Құрылыс жұмыстарын мойнына алған 11 мердігердің 2-інің жұмысы мардымсыз. Бұл мәселені мәжіліс депутаттары өз бақылауларына алды. Халықтың уәжі мен жауапты сала маманының сөзін тыңдаған депутаттар мердігер мекемелердің әрекеті жауапкершіліктің төмендігінен болып отырғанын айтып, бұлай жалғаса беруге болмайтынын жеткізді. Бұл мәселелер мәжілісмендердің жіті бақылауында болатынын, енді мұны Республика деңгейінде көтеретінін де атап өтті.
Кездесуден кейін, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау жүргізді.
Әрі қарай аудан орталығында Ойыл кәсіптік колледжінде орналасқан эвакуациялық пунктке барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді.
Ойылдағы кездесуде тұрғындар арендалық-коммуналдық үйлерді жекешелендіру, Құмжарған елді мекеніне газ тарту, облыс орталығымен байланыстырып тұрған жол қатынасын жөндеу туралы өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.