ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

АЙМАҚТЫҚ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ

ОЙЫЛДАН 13 ӘЙЕЛ АЗАМАТША ҚАТЫСТЫ

«AMANAT» партиясы Актөбе облыстық филиалы ұйымдастырған «Қоғам дамуындағы әйелдердің рөлі» атты аймақтық форумға Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин бастаған Ойыл ауданының делегациясы да қатысып келді.

Іс-шараға партия хатшысы Шолпан Каринова арнайы қатысып, партияның облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды. “Басты мақсатымыз – қыз-келіншектерді қоғамдық өмірге, саяси көшбасшылыққа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыру, — деді өз сөзінде Шолпан ханым. Форумда әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ олардың өз қабілет-қарымын танытуына және елдің саяси өміріне араласуын қамтамасыз етуге бағытталған «AMANAT» партиясының бастамалары талқыланды. Қатысушылар саяси көшбасшылықтағы әйелдердің рөлі, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, әйелдер мен балаларды қолдау және тағы да басқа тақырыптар төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Бүгінгі таңда облысымызда да әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, облыс көлемінде 936 мың 847 халық болса, оның 51 пайызын әйелдер құрайды. Өңірдегі жалпы кәсіпкерлердің арасындағы әйелдердің үлесі 56,5 пайызға жеткен. Ақтөбе облысы бойынша 33 мыңнан астам партия мүшесі бар болса, оның 62,2 пайызы немесе 19,5 мыңға жуығы әйелдер. Нәзік жандыларымыз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 50 пайызын құрайды. Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өз сөзінде небәрі әлемнің 10 елінде әйел мемлекет басшысы, 13 елде үкімет басшысы лауазымында қызмет атқаратынын атап өтті. Гүлқасима Сүйінтаева әйелдердің саясатқа қатысуы үшін жағдай жасауды ұсынды. Ойыл аудандық мәслихатындағы 30% депутаттар құрамын әйелдер құрап отыр. “AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов форум соңында форумға қатысушы әйелдер қауымына сәттілік тілеп, әйелдердің қоғамдағы орнын ерекше екенін жеткізді.
«AMANAT» партиясы Актөбе облыстық филиалы ұйымдастырған «Қоғам дамуындағы әйелдердің рөлі» атты аймақтық форумға Ойыл ауданы арнайы ауданымыздағы кәсіпкерлердің көрмесін апарды. Көрмеге Гүлсім Елекбаева мен Гүлхан Қауметовалардың қолөнер бұйымдары мен жартылай фабрикат өнімдері қойылды. Барлық аудандардан келген кәсіпкерлердің жасақтаған көрмелері көздің жауын алатындай дүниелер. Көрмеге әртүрлі кондитерлік өнімдер, қолөнер бұйымдары, әдемі көрпелер, бал өнімдері т.б. заттар қойылды.

Басқа жаңалықтар