Әлеумет
Мал азығы жәрмеңкесі – тұрғындардың да тілегі бар!
Мал азығы соңғы жылдары әуелден шөлейтті аймақ саналғанымен, шөбі шүйгін, шабындығы шалғынды Ойыл үшін де мәселе болып барады. Рас, оның себебі – сыртқы сұраныс. Алайда, алдымен өзіңді, сосын көршіңді қамтып алмай, далаға жіберу кейбір кәсіпкерлер үшін қалыптаспаған түсінік болып отыр.
«Базарда түйе қымбат дегенге, қорадағы қотыр тайлақтың бұтын көтергені» сияқты, табиғаттың несібесінен табыс тауып отырғандар сұраныс болған сайын бағаны да шарықтатып жіберді. Дегенмен, атқарушы биліктің араласуы ортақ мәмілеге мұрындық болды. Бір тюк 500 теңге, рулон 5000 теңге деген тоқтамға келді. Бірақ, әлі де түйіні шешілмей келе жатқан мәселе – шөптің бағасы мен салмағы. Әрине, мына аптапта ашық күннің астында шөп шауып, оны тиеп жүрген шаруалардың еңбегін ешкім жоққа шығармайды.
Ал, сенбі күнгі өткен жәрмеңкеге келер болсақ, 2500 тюк пен 14 рулон келді. «Қолы қысқа» қарапайым тұрғындардың наразылығын туғызатын тағы бір мәселе – шөптің жәрмеңкеге жетпей, «иесін тауып алатыны». Дегенмен, екі апта да бір рет болса да, Ойылдың тұрғындарына шөп келіп тұр. Әрине, жәрмеңкені күтпей-ақ, шаруашылықтармен өз бетімен сөйлесіп, мал азығын қамдап жатқандар да көп.
С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.