ӘлеуметБасты тақырып
«Көпірдің асты» жазда көпке қызмет етеді
Аудан орталығына кіре берістегі Ойыл өзенінің үстіндегі көпір облыс бойынша ұзындығы, ауқымы жағынан үлкен нысандардың бірі. Селоға кіріп шығатын қақпасы іспетті сол көпіріміз келген қонақтардың көзіне бірден түсіп көркемділігімен көптің назарын аударады. Табиғатпен адамды байланыстырып, тұрғындарға ұзақ жыл мінсіз қызмет көрсетіп тұрған көпіріміз соңғы жылдары ерекше күтімге алынып келеді. Екі жағына аспалы шамдар орнатылып, жөнделіп, сырланып, айналасы үнемі тазаланып, қолда барды таза ұстауға, туған жердегі көрікті орынды қадірлеуге үндеген акциялар өтті.
Сол көпірдің асты талай балалықтың қызықты сәттері қалған, естеліктерімен есте жүретін, бүгінгі күнге дейін жазда демалыс алаңы болып, ойын баласына ғана емес үлкендерге де жайлы жер. Жақын, суы таяз, көлеңке, әрі қауіпсіз өзеннің жағасы жаз мезгілінде адамдардан бір босамайды. Кезінде атты адам бойламайтын өзен табиғи тоқырауға ұшырап арнасы тарылып барады. Жыл сайын су тасығанымен, сең жүрмегесін астына балдыр өсіп жағасы шөптеніп, беті шылауланып кетті. Экологиялық жағдайға қарамастан әлі де қадірі кетпеген сол жерді абаттандыруға жергілікті әкімдік білек сыбана кірісті. Сенбілік ұйымдастырылып, судың астындағы қалдық заттар мен балдырлардан тазартылып, суға шомылатын, демалатын жағалаудың көлемі ұлғайды. Аудан әкімі Дастан Сағыровтың бастамасымен қолға алынған шара ауқымды жұмыстарды күтіп тұр. Сусын, балмұздақ, тағы басқа да тағамдар сататын арнайы орын ашылып, жалпы демалушыларға қызмет көрсететін талапқа сай жағдайлар жасалмақ. Бұл жерге балалар көп келетіндіктен соларға ыңғайлы қажеттіліктер қарастырылады. Жағалауы безендіріліп, шағын саябақ жасақтау жоспарда бар. Мұның бәрі айналып келгенде балалар үшін жасалынатын дүние. Бұл биылғы облыс әкімінің «Бақытты бала» жобасымен үндесіп, балаларға бұдан әрі үздіксіз жұмыс істейтін туған жердегі табиғи тарту болмақ. Сондықтан құрметті тұрғындар әркез тазалықты сақтап, бала үшін, өзіміз үшін, туған өлкеміз үшін істеліп жатқан игілікті іске бәріміз де үн қосайық. Себебі туған жердің көркеюі табиғаттың емес тұрғындардың тазалығына тәуелді болып отыр.