ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениет
«СЕЗІМНІҢ СЫРЛЫ ӘУЕНІ» ШЕРТІЛДІ
Жуырда «Сезімнің сырлы әуені» деген атаумен аудандық мәдениет үйінде аудан жастарының концерті өтті. Әні мен әуені, жыры мен термесі үйлескен жастар саф өнерді аңсаған көрермендерге нағыз рухани нәр сыйлады.
Кештің шымылдығы Бұлбұл Шәутенованың «Жаным қалайды» әнімен ашылды.
Иә, жастар қай заман да болмасын елдің ертеңі саналады. Ал, аталмыш кеште сегіз қырлы бір сырлы, ауданның жалындаған жастарының өнеріне толы болды. Әрі қарай концертте ауданымызға танымал Рашид Есенбекұлы, Теңел Омаров, Асылхан Өтенов, Інжу Досбаева, Асыл Досбаева, Аймекен Әндірова, Манаргүл Досбаева, Аққу Жаңабаева, Нұртілек Маратұлы, Қанжар Тарғынов, Салтанат Өмірбек сынды өнерлі жастар халық арасында кеңінен тараған әндерді орындады. Сондай-ақ, “Хамитовтар”, “Сағыновтар” отбасының ғашықтар, пәк сезім туралы әндері кештің мәнін арттырып, ажарын айшықтай түсті. Талай ақын жырына қосып, талай сазгер әуен жазған шынайы махаббат жырларының қай қоғамда болмасын тыңдаушысы бары айқын. Назира Жұмабаева мен шәкірті Сағындықтың бірлесе орындауындағы “Ерке сылқым”, “Адай” күй тартыстары, мың бұрала билеген “Әсем” биші қыздарының замануи стильдегі биі, басқа да жеке орындаудағы әсем әндер көпшілік көрерменнің көңілінен шығып жатты.
Әрбір әнге зор қошеметін аямаған жиылған жұрт әдемі кештен тамаша көңіл күйге бөленіп тарқасты.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.