Әлеумет

Заңдағы жаңашылдық — Әкімшілік әділет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», — деген болатын. Әкімшілік әділет «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) 2021 жылдың бірінші шілдесінен бастап күшіне енеді. Соған байланысты, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдарының күштері жойылады.
Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Бұл Кодекске сай жария-құқықтық даулар арнайы соттармен жаңа сипаттағы әкімшілік сот өндірісінің мәні мен қағидаларына сай қаралады. Яғни, арнайы осы әкімшілік басқарушылық дауларды қарайтын, өзіңдік процессуалдық ерекшеліктер мен міндетке ие өндіріс болып табылады. Ол әкімшілік сот өндірісінде: азаматтар мен заңды тұлғадардың құқықтары, бостандықтары, заңды мүдделерінің толық жүзеге асуын, бұқаралық құқықтық қатынаста жеке және қоғамдық мүдделердің сәйкестенуін, мемлекеттік басқаруда тиімділік пен ашықтықтың болуын, бұқаралық құқықтық салада заңдылықтың нығаюын, бұқаралық құқықтық қатынаста әкімшілік даулардың әділ, объективті, уақытылы шешілун қамтамасыз етпек.
Бұқаралық құқықтық қатынастардың қатысушылары болып бір жағынан мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар мен лауазымды адамдар болса, екінші жағынан жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар болып табылады, яғни олар құқықтық тең емес тұлғалар екенін көруге болады.
Әкімшілік дауда даудың нысанасы болып әкімшілік акт — жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім немесе әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) — әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді, сондай-ақ өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.Яғни, әкімшілік сот ісін жүргізу үшін «соттың белсенді рөлі» деп аталатын жаңа өміршең қағидат бекітілді. Сонымен қатар, әкімшілік процестің жаңашылдықтарына талап қою түрлері, сот талқылауының шектері және сот бақылауы да жатады.
Сондай-ақ, Кодекске сәйкес, ауыртпалық түсіретін заңсыз акт шығарылған жағдайда оның күші міндетті түрде жойылады, ал заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жойған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сенім құқығын қорғау қағидаты назарға алынады. Бұл қағидат — қабылданған әкімшілік актінің заңды және дәйекті болып табылатындығының, ал мемлекеттік органның қателігі, егер тікелей кінәсі болмаса, адамға зиян келтірілмейтіндігінің кепілі.
Осы мақсатта республикада 21 жаңа әкімшілік сот құрылады, ал   Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы «Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот» болып өзгереді.
Қорыта айтқанда, жаңадан құрылып келе жатқан әкімшілік әділет  мемлекеттік органдар алдында азаматтар мен бизнестің, ұйымдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың аясын кеңейтеді және жаңа қарқында жұмыс жасауына жол ашады.

Сауле Танимова,
Ойыл аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар