Рухани жаңғыру
«Хан қорық» фестивалінің қонақтары біздің ауданға да ат басын тіреді
«Ел қадірін көрген біледі, Жер қадірін жүрген біледі» Қазақстан мекені ұланғайыр шексіз және біз білмейтін тарихи жерлеріміз де жетерлік. Міне осындай жерлерімізді аралауға өткен аптаның бейсенбісінде ауданымызға республикалық «Хан қорық» жастар фестивалінің қонақтары келді.
«Хан қорық» жастар фестивалі алғаш рет 2015 жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында, Қарағанды облысындағы Ұлытау өңірінде өткен еді. 2 фестиваль 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналып, Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылды. Өткен жылы фестиваль «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде Павлодар облысында өткізілді. Биылғы, яғни 4 фестиваль елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Әр жыл сайын әртүрлі аймақтарды аралап олардың тарихымен бірге тұрмыс-тіршілігімен танысатын Республика жастары Ақтөбе облысында өтіп жатқан фестиваль аясында біздің ауданға да ат басын тіреді. Бұған 14 өңірден, соның ішінде Ресейдің Орынбор, Өзбекстанның Нөкіс қалаларынан келген студенттермен қатар «QazaqGeography» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бар. Әрине Ойыл өңірі тарихи жәдігерлері көп, әрі табиғаты ерекше жердің бірі болғандықтан жастардың қызығушылығы белсенді болды. Ең алдымен мәдинет үйінде кішігірім «Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» атты танымдық конференция болып, келген қонақтарға аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Жергілікті өлкетанушы Жақсылық Бисалиев «Ойыл тарихы: өткеннен бүгінге дейін» деген тақырыпта баяндама жасап, аймақтың арғы-бергі тарихына тоқталып өтсе, әрмен қарай Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің маманы Медет Құлмұханов өз баяндамасында Ойыл тарихы бойынша тың деректер беріп, Ойыл туралы біраз ақпарттар айтып, фестиваль жастарының қызығушылығын оятты. Қосымша сөз алған қонағымыз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің география ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Мақсатқызы өз алғысын айтты. Ойылдың тарихымен бұрыннан да таныс кейбір жастар «Көкжар» жәрмеңкесінің ғимаратына баруға асықты. Ондағы ескі ғимаратымызды аралаған туристер оның ішінің салқындығына тәнті болып, өз ойларындағы сұрақтарды қойып сауда қатарларын асықпай аралады. Бір қызығы көршілес ел Өзбекстан қаласынан келген Зафаржон Абдурашидов «Бізде де осындай ескі сауда-саттық орны бар», — деп, онда азанда таң намазы оқылатынын және адамдар келіп саудаларын жасап нәпақасын табуға беріліп отырған орын екенін, біздің осы ескі ғимаратымызға қатты ұқсайтынын жасыра алмады. Осындай әңгімеден кейін біраз сауда – саттық туралы жастар арасында кішігірім дебатқа ұласты. Әрі қарай көненін көзінен келе жатқан Алланың үйі «Көкжар мешітіне» барған фестиваль қонақтарға мешіт имамы Нұрсұлтан Серікұлы оның тарихын баяндады. Біздің тарихымызды өзге елден келгендер түгілі, өз еліміздің басқа аймақтарынан келгендердің екінің-бірі білмейтіні анық. Ойыл ауданының атын әлемге танытқан атамыз Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейіне ат басын бұрған қонақтарымыз музей ішіндегі көне жәдігерлерімізге тамсана қарады. Музей іші шіркін адам жанын қазақилықа баулитын көне жәдігерлерге толы орда.
Осындай құнды жәдігерлеріміз сақталған ордамызды көрген Ресей Орынбор, Өзбекстанның Нөкіс қалаларынан келген студенттері музей ішіндегі (ошақ, көсеу, былғауыш, киіз үй) сынды заттарға қатты қызығып тамашалады. Одан шыққан соң фестиваль жастары Барқын деген құмды мекенімізге қарай жылжыды. Олар онда ыстық құмның үстінде жалаңаяқ жүріп естелік суреттерге түсіп, тамылжыған табиғатқа таңданыстарын жасыра алмады. Осыдан кейін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы» мәдениет және демалыс орталығында дастархан жайылып, бүгінгі фестиваль қонақтарына Ойыл шежіресі туралы кітаптар тарту етілді. Біз келген студенттермен жалпыламай сұхбат жүргізіп көрдік, сонда олардың көбісіне Ойыл ауданның табиғатымен қатар тарихы ұнаған екен. Тіпті арасында болашақта зерттегісі келетін жастардың да қарасын байқадық. Егер де біздің тарихымызды зерттеп, одан әрі тереңдетіп білгісі келетін болса, ол біз үшін — үлкен қуаныш.
Өміргүл ТЕМІРХАН,
Ойыл селосы.