ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ЖАНАШЫР ЖАНДАРДЫҢ ҚОЛ КӨМЕГІ
Ш.Берсиев атындағы ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылы тұрғындарының арасында су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерін бұзып, орнын тазартуға жағдайлары келмейтін, ер азаматтары жоқ, толық емес, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасылар бар.
Осы тұста Көптоғай ауылдық округ әкімдігі мен ауылдық өрт сөндіру бекетінің ер азаматтары Қаратал ауылындағы осал топтағы отбасыларының тұрғын үйлерін бұзып-жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қараой ауылының ерікті тұрғындары Қаратал ауылына келіп, ауыл тұрғындары Р.Ізбасарова, М.Оспанов, Ж.Досқұлов, Ш.Есекеннің, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының 1994 жылғы жастары су тасқынынан зардап шеккен Қаратал ауылының тұрғыны, көп балалы ана З.Бақтыгерееваның, Ойыл ауылындағы 1974 жылғы құрдастары Қаратал ауылының тұрғыны А.Жиенбековтың тұруға жарамсыз тұрғын үйін бұзып, жинау жұмыстарына көмек берді.
Сонымен қатар аудан басындағы мекеме ұжымдары да қол қусырып қалмады.
Аудандық оқушылар үйі, аудандық білім бөлімі, мәдениет саласының қызметкерлері, Ж.Жүсібалиев атындағы ОҚОМ, Ойыл қазақ орта мектебі, Көсембай негізгі мектебінің ер қызметкерлері, аудандық аурухана ұжымының ер азаматтары Қаратал ауылына барып, ауыл тұрғындарының тасқын судан залал келген тұруға жарамсыз тұрғын үйлерін бұзысып, жинау жұмыстарына қол көмек көрсетті. Ауыл тұрғындары көмек қолын ұсынған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.