Әлеумет

Айтулы мерекенің тағы бір тартуы

 

 

 

Өткен жұмада, Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай ауданымызда алғаш рет жағажай ашылды. Нақтырақ айтсақ, балалар жағажайы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында ауданымыздағы мекемелер мен білім беру ошақтарының күшімен жасақталды. Сонымен бірге жеті ауылдық округте өз үлестерін қосты. Көпірдің астындағы тіреулерге ертегі кейіпкерлері бейнеленсе, жағажайда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Ұлдар мен қыздардың арнаулы киім ауыстыратын орны мен демаушыларға сая болар көлеңкелі шатырлар мен столдар да бар. Су асты тазаланып арнайы белдеумен қоршалған балалардың шомылатын жерінде су добы ойынының қақпасы жасалса, ересектер үшін жағажай волейболының алаңы жасақталды. Сол күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары көпшілік арасында суға түсу ережелері мен қауіпсіздікті сақтау керектігін ескертіп, жаднамалар таратты.

Айтулы мерекенің балаларға тартуы бүлдіршіндерімізді қатты қуантты. Өзен жағалауы адам қарасына толды. Әшейінде шағаласы шаңқылдау өзеннің бойын адам шуы жаңғыртты. Әсіресе балақайлардың шат күлкісі басым болды. Енді ойылдық өрендеріміз өзеніміздің ең қауіпсіз жерінде шомылады. Сондықтан қарадомалақтарымызды «қасықтың» қауіпінен қорқып үйге ұстаудың қажеті жоқ. Мереке қарсаңында ауданымызға облыс орталығынан арнайы келген Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Мыржықбаева жаңадан жасақталған жағажайдың да ашылу салтанатына қатысты. Балалар жағажайының ашылу салтанаты жергілікті билік басшылары мен тұрғындардың өзендей тұнық тілектерімен жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар