ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
КӘСІПКЕР ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН КҮН
«Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген қанатты сөз басқа ұлтты білмеймін, қазақ әйелдеріне арналған сияқты. Әрине, ана қандай құрметке лайық! Өйткені, әйел адамның жаны жұмсақ келеді деген адамзат баласының санасындағы ерекше түсініктердің бірі. Бүгінде осы бір қағиданы бұзып, ел ішінде өзінің қайсарлығы мен табандылығы, жүрегіндегі нәзіктігіне ақылы ұштасып, отбасында да, қоғам өмірінде де ерекше тепе-теңдік ұстап жүрген әйел заты аз емес. Сондай әйелдер қауымы біздің ауданымызда да жетерлік.
Өткен жұма күні «Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ұйымдастырған «Ана деп көктем жыр төккен, Армысың, ару Нұр көктем!» атты мерекелік шараға азаматтың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектер шақырылды.
Аудан әкімінің кәсіпкерлік саласындағы әйелдермен кездесуі — саланың дамуы, соның ішінде іскер әйелдеріміздің рөлі, кәсіпкер қыз-келіншектерінің тыныс-тіршілігін, кәсібінің жүру барысын бейнелейтін бейне баянмен ашылды. Одан кейін жеке кәсіпкерлік атты үлкен айдынның толқынында жүрген іскер қыз-келіншектерімізді мерекелерімен аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы құттықтап, бір топ кәсіпкер қыз — келіншектерге облыстық кәсіпкерлік басқармасының және өзінің алғыс хаты мен мерекелік сый-сияпатын тапсырды.
Өз кезегінде сөз алған кәсіпкер Бағзат Лекерова әріптестері атынан аудан басшысына осындай қолдаулары үшін алғыс айтса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен шашу шашып, кешті бүлдіршіндер бимен көмкерді.
Кездесу соңында кәсіпкерлер арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, аудан басшысымен емен-жарқын әңгімелесті.