ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСұхбат
«АДАМНЫҢ АДАМШЫЛДЫҒЫ ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН…»
Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс — ұздаздікі. Білімге баулып, биікке ұшыратын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұстанымына байланысты. Мамандық көп… Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да, сізді маман қылатын тағы да ұстаз.
Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді жан болып кетсеңіз де, сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету — сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтағаныңыз жөн.
Ұстаз – қандай қасиетті, ұлағатты сөз! Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — «Ұстаз» деп ойлаймын.
Соның бірі — өзімнің ұстазым Саламат Шаңғала Қомытұлы. Ұстазымның бойындағы мен үлгі тұтатын өмірде шындықты жақсы көретін, тура жолмен жүретін, әдеби кітаптарды көп оқитын, мінезі жұмсақ болғанмен шәкірттеріне қатаң талап қоятын, шәкірттеріне жақсылықтың нұрын төгетін асыл қасиеттері болатын.
Өмірлік жолдың алғашқы қадамдарын айқындап берген, өмірдің сан қырлы сырларын білуге, сан қилы құбылыстарын терең ұғынуға мұрындық болды. Дәлірек айтсам, менің де мұғалім болуыма, мамандық таңдауыма септігі тиді. Мен бүгінгі таңда ұстазымның жолын қуып, өзім оқыған, білім алған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс жасап жүрмін.
Осының барлығына ағайдың және сол кезде білім берген ұстаздарымның арқасы.
Саламат Қомытұлы бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, Ш.Берсиев орта мектебінде талмай қырық жылға жуық еңбек етті. Өз пәнінің майталманы, тіл жанашыры. Ақкөңіл, көпшіл, қазақтың салт-дәстүрін, ырым – тыйымдарын жете білетін және шәкірттеріне үйретуге жалықпайтын. Ағай уақытпен санаспайтын, ерте келіп, кеш қайтатын. Қолында дипломат сөмкесі, ішінде әдеби кітаптар мен оқушылар үшін жасалған көрнекіліктер болатын.
Оқушыларды мәнерлеп оқуға, әдеби кітаптарды көбірек оқып талдауға үйрететін. Жазушылар шығармаларынан сахналық көріністерді дайындап, ауыл клубына қойдырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені де есімде… Саламат Қомытұлының оқытқан шәкірттері түрлі салаларда қызмет етіп жүр. Шәкірттеріне ғылымға жол ашып берді. Шәкірттерін адалдыққа баулып, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себе білді. Жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді бойымызға сіңірді. Шәкірттерінің ең жақын жанашыры және досы бола білді.
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкірттін аялап, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Менің мақтанышым- ұстазым Шаңғала Саламат Қомытұлы бүгінгі күні мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Осындай ұстаздан білім алғанымды үлкен мақтанышпен айта алам. Ағай қазір зейнеткер ұстаз, асқар таудай әке, немере- жиендердің арқа сүйер атасы.
Ағайын, тума-туысына қашанда қолұшын созып, бауырмалдығын көрсететін, өз ортасында беделді жан.
Осындай мерейлі сәтте отбасыңызға амандық, деніңізге саулық Мәрияш апаймен бірге бала-шаға,немере –жиендердің қызығын көріп ортамызда жүре беріңіз демекпін!
Ира ШЫҒАНАҚҚЫЗЫ,
Ш. Берсиев атындағы орта мектептің мұғалімі.