ӘлеуметРухани жаңғыру
ӘКЕ — ШАҢЫРАҚТЫҢ ТІРЕГІ!
Маусым айы алғашқы күні балалар күнімен басталса, екінші жексенбісі Әкелер күні! Әке – отбасының қорғаны, шаңырақтың тірегі демек балалары әкені өздеріне сүйеніш тұтады. Әкесінің бойынан қайтпайтын қайсарлықты көріп өскен бала жігерлі, өз ісіне сенімді келеді. Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің ұстанымы, мінезі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, өнері мен іскерлігі – бәрі-бәрі балаға үлгі-өнеге.
Бала әке болмысынан қандай ерекшелікті көрсе, соны бойына сіңіріп өседі.
Колледжімізде үлгілі осындай әкелер баршылық. Атап айтқанда, Дулат Дәрібаев. Дулаттың жолдасы Ғалия 2020 жылы көлік апатынан қайтыс болғаннан кейін 3 ұл мен 2 қыз баланы өз қамқоршылығына алып бағып отыр. Үлкен ұлы Мұхтар Серікбаев 2004 жылы туған.
Өзіміздің қара шаңырақ Ойыл кәсіптік колледжінде 2019-2023 жылдары «Ветеринария» мамандығында оқып, колледжді бітіріп, 2023 жылдың мамыр айында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Қапшағай қаласындағы десанттық шабуылдаушы батальонында әскери қызметін атқарды. 2024 жылы мамыр айында әскердегі борышын өтеп елге оралды. Мұхтардың інісі Қайсар да Ойыл кәсіптік колледжінің «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығының 3 курс студенті. Колледждегі өз тобының топ басшысы. Болашағынан зор үміт күттіретін студенттің бірі. Одан кейінгі Қарақат пен Диана және ұлы Бекназар мектеп оқушылары.
Дулат Серікбайұлы қазірде аудан көлемінде әртүрлі жұмыстарда жасайды. Қазіргі уақытта балаларына әжесі Қалампыр қарап отыр. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз» — деп, Майқы би айтқандай, бала тәрбиесіндегі әкенің орны ерекше. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнерімен білімі баланың көз алдындағы өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әкенің өнегесін, тәрбиесін көріп өскен баланың болашағы жарқын болады деп есептеймін, өйткені әкенің орынын ешкім баса алмайды. Ұл баланың бәйтерегі, қыз баланың қамқоршысы осы Дулат әке.
Осындай әкелердің қатарына колледжіміздегі 1 курс студенті Аманияз Арғынның әкесі Жәнібек Құлмұқановты да жатқызуға болады. Ол өзі кәсіпкерлікпен айналысып, жеке кәсіп ашып қазірде ауданымыздағы барлық шаруа қожалықтарының субъсидия алуына көмектесіп келеді. Сонымен қатар бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін, балаларының білмейтінін айтып үйретіп отыратын әке. Арғынның анасы Айгүл Баймурзина аудан орталығындағы «Асанәлі» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Жас бүлдіршіндерді тәрбиелеуде Айгүл Ғазизқызының еңбегі ерекше. Құлмұқановтар отбасының кенжесі Аманияз Айдос биыл 9 сынып бітірді.
Асқар тау әкелер мерекесі құтты болсын! Әрдайым шаңырақтың ұйытқысы болып отыра берсін!
Сүйіндік ӨСКЕНБАЕВ,
Ойыл кәсіптік колледжінің оқытушысы.