Өткен аптада облыс әкімі Ералы Тоғжанов тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген жобаның Ақтөбе облысында ресми түрде басталғанын жария етті.
Өнер орталығында өткен шараға мемлекеттік орган басшылары, аудан, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
— Ауылшаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салада алдағы уақытта 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын, ал кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетіндігін айтты. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ақтөбе Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап жатқан өңір екендігін мақтанышпен айта аламын. Облыста халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы басталып жатыр. Жобаға қатысатын ауылдар толық скринингтен өткізіліп, әлеуметтік портреті анықталды. Скрининг нәтижесінде нақты жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылар саны, әр отбасының табысы айқындалды. Сондай-ақ мал және құс етімен, көкөніспен қамтамасыз етілу деңгейін, дамытуға қажетті өндіріс түрлерін белгіледік, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жобаға облыстың 12 ауданының 24 ауылдық округінде тұратын 42 463 мың тұрғын қатысады. Олардың жартысынан астамы экономикалық белсенді халық санатына жатады. Аталған ауылдарда 747 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тұрақты табыс көзі жоқ тұрғындар саны 5 мыңнан асады. 151 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.
Ауыл тұрғындарымен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында олар құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару мақсатында шағын және орта бизнес ашу және дамыту бойынша 2772 жобаны жүзеге асырмақ.
— Жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылы қаражат көлемі артады. Ауыл тұрғындарына бөлінген қаражаттан бөлек ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несие ретінде 6 000-ға жуық мал беретін боламыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ірі шаруашылық басшыларына ризашылығымды білдіргім келеді. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдың берекесін арттыратыны анық. Бағдарламаны әрі қарай әр ауылда жүзеге асыру мақсатында әр аудан, әр ауыл бойынша әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма бердім, — деді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы — олар алдағы уақытта үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.
Несие мал, құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында шағын кәсіпкерлік ашуға бағдарланған. Несиенің шекті көлемі — 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (7 657 500 тг), кооперацияларды дамытуға — 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (24 504 000 тг). Мерзімі — 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті.
Айтпақшы, «Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Шара барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов жобаның алдағы нәтижелерімен бөлісті. Айтуынша, жоба нәтижесінде «Ауыл аманатына» қатысқан елді мекендерде жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 885-тен 449-ға азаяды. Ал тұрғындардың орташа табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге артады деп болжануда. Бұдан өзге, сарапшылардың есебінше, құс етімен қамтамасыз ету — 20,6 пайыздан 51,2 пайызға, көкөніспен қамтасыз ету — 17,4 пайыздан 29,9 пайызға, картоп өндірісі 38,8 пайыздан 63,5 пайызға дейін өседі.
Форум барысында «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов, «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов секілді бірқатар азаматтар өз тарапынан жоба қатысушыларына қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.
— «Ауыл аманаты» — тікелей ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған жоба. Онда тұратын әрбір тұрғын бізге бөтен емес. Сондықтан бұл жобаға бейжай қарай алмаймыз. Қолымыздан келгенше көмектесеміз, қолдаймыз. Мен өзімнің жауапкершілігі шектеулі серіктестігімнің атынан жоба қатысушыларына 200 ірі қара, 200 қой малын беремін. Бұдан бөлек мал азығына 200 тонна жем мен 100 тонна жарылған жем береміз, — деді Аманғос Төлеуов.
Жобаның сәтті жүзеге асырылуына тілектестігін білдірген ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов те қолдау көрсететінін айтты.
— Мұндай жобалар біздің мемлекетіміздің және оның атқарушы органдарының қызметінің негізіне айналуы тиіс. Нақ осындай жобалар сөз жүзінде емес, нақты іс күйінде біздің азаматтарымыздың игілігіне қызмет ететін болады. Жобаны қолдау ретінде мен ауылда тұратын қиын жағдайдағы бір отбасының жеке шаруасын жолға қойып, тіршілік жасауы үшін өз жанымнан бір сиыр және 10 қой беруге әзірмін, — деді ол.
Ақсақалдың бастамасын форум қатысушылары қызу қолдап қарсы алды.
Ал Қобда ауданына қарасты Бесқұдық селолық округінің әкімі Жанна Токушева аталған округ бойынша күтілетін оң нәтижелерді баяндады.
«Ауыл аманаты» жобасының салтанатты ашылуына Байғанин ауданының 80 жастағы тұрғыны Құтым Қасенов те келіпті. Бүгінде жылыжай кәсібімен айналысып отырған ақсақал бизнесті дамытудағы тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетейік, Құтым Қасенов 2020 жылы жалпы ауданы 400 шаршы метр болатын жылыжай салған. Қазір ол жыл соңына дейін мол өнім алу үшін үздіксіз еңбектеніп жүр. Оның айтуынша, бұл шаруашылықпен о баста оның әкесі айналысқан. Еңбекқор, шаруа адам болса керек, ол баласын да жастайынан осы кәсіпке үйреткен.
Форум барысында Жамбыл облысынан арнайы келген кәсіпкер Талғат Сәрсенбаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алып жатқан 1600 бройлерге арналған шағын құс фермасы туралы жобасымен бөлісті. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба елеулі инвестицияларды талап етпейді, бастысы, «Ауыл аманаты» жобасын кредиттеу шарттарына сәйкес келеді.
Бұл күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауласын табыс көзіне айналдырып, шаруашылықтарын дамытуда табысты нәтижеге қол жеткізген Құтым Қасенов, Сапура Мырзағалиева секілді бірнеше кәсіпкерге Алғыс хаттар табыстады.
Форум барысында аудан әкімдері, «Ақтөбе» ӘКК және ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылары «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.