Әлеумет
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біз Ыстанбұл қаласында, кейін Бурабай қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп үлгердік. Ал қазір дайындық жұмыстарын Қырғызстанда жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мен жалпы бұл спорт түрімен 11 жылдан бері айналысамын. Тоғызқұмалақ өмірімнің бір бөлігіне айналды десем де болады», — дейді тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ерсұлтан Әуелбай.
Тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ернұр Мерешев бұл спорт түрімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол тоғызқұмалақ спортын мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек дейді.
«Тоғызқұмалақ ойлау қабілетіне өте жақсы әсер етеді. Мысалы үйірмеге қатысатын балалардың математика пәнінен үлгерімдері өте жақсы», — деп атап өтті Ернұр Мерешев.
Ал тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваның айтуынша тоғызқұмалақ, овари (Батыс Африка халықтарының ойыны) және мангала (түрік халқының зияткерлік ойыны) зияткерлік ойындарына қатысу үшін әлемнің 50 елінен спортшылар келеді деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының серіктесі. Ал Қауымдастық құрамына «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Аударыспақ»,«Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Суреттер Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметіне тиесілі