Әлеумет
«Көкжардың жыр жәрмеңкесі»
Бүгін Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданының күндері аясында С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Көкжардың жыр жәрмеңкесі» атты жерлес ақындармен кездесу өтті. Аудандық кітапхананың ұйытқы болған шарасына негізінен Ақтөбе қаласында тұратын Ойылдың аға буын өкілдері жиналды.
Ән мен жырдың өлкесі атанған көне Көкжар елі даңқты жәрмеңкесімен қатар аты аңызға айналған тұлғаларымен де танымал. Әсіресе, Қызылдай әнші, Шернияздай жырау, Сәулебайдай күйші өткен өңірдің бүгінгі буыны да «кедей» емес. Кездесудің шымылдығы Жаңылдық Бисенғалиеваның орындауындағы Ілья Жақановтың әні «Ойыл толқынымен» ашылды.
Ақтөбе айтысының ақтаңгері атанған Нұрлыбек Қалауов сөз тізгінін алғанда сілтідей тынған тыңдармандардың жырға ұйыған ықыласын сездік. Ал, шалқарлық Гүлімай Әбішқызының өз ауылы туралы туындысы әркімнің де кіндік қаны тамған ауылын көз алдына әкелгені анық. Жұртшылықты әдемі жырымен сусындатқан Гүлімай ақын аудандық кітапханаға өзінің кітабын тарту етті. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жерлесіміз Қажы Қорғанұлы өзінің лебізін Шығанақ туралы деректі фильмі туралы бастап, өзі куә болған тарихи сәттерді әдемі әңгімемен өрді. Сөзге ұста аға әнге де «қаражаяу» емес екен. Тіпті соңында татарша шырқап жіберді. Ақындар Талғат Тілеулес пен Балагүл Бакиева өз ауылдарына арналған жырларын тарту етсе, Индира Кереева мен Гүлжаһан Төреханова да жұртшылықты өлеңмен тербеді. Ән мен жыр алмасып, күймен көмкерілген кездесудің соңында аудан әкімі Дастан Сағыров қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етілді.