Әлеумет
Қараталдағы қуаныш – жаңғырған мектептегі жаңа оқу жылы
Ш. Берсиев атындағы орта мектебінде «Мектебім - мейірім мекені» салтанатты шарасы өтті. Шараға аудан әкімі А.Қазыбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Карабалина қатысты.
Шара барысында аудан әкімі қараталдық оқушыларға биік белестерді бағындырып, үздік, жеңімпаздар қатарынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы С. Карабалина өз құттықтауында ұжымға алғыс білдіріп, жаңа оқу жылына толағай табыстар тіледі.
Бір айта кетерлігі, көктемгі су тасқынынан Шығанақ Берсиев атындағы орта мектеп айтарлықтай зардап шекпесе де, қысқа мерзімде біршама ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгені көрініп тұр. Биылғы оқу жылында Шығанақ Берсиев атындағы орта мектепке 218 оқушы барды. Оның 13-і Гүлнұр Ибрашеваның жетекшілігімен мектеп табалдырығын алғашқы рет аттап отырғандар.
Оларға аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы «Анвар» ЖШС-і ұсынған толық оқу құралдарымен жабдықталған мектеп сөмкесін өз қолымен табыстады. Ал, Мәрияш әже Қаратал ауылындағы игілікті істер үшін ата-ана, ардагер-ұстаз ретінде шынайы лебізін жеткізсе, учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Мұқашев 1 класс оқушыларына қауіпсіздік кітапшаларын таратты.